×
$
446.56
512.34
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
446.56
512.34
5.3

Си Цзиньпин Трамппен кездесу үшін АҚШ-қа барады

Бүгін, 18:16
Си Цзиньпин Трамппен кездесу үшін АҚШ-қа барады
Ulysmedia коллажы

Қытай төрағасы Си Цзиньпин 23-25 қыркүйек аралығында мемлекеттік сапармен АҚШ-қа барады. Сапар Америка президенті Дональд Трамптың шақыруымен өтеді. Бұл туралы Қытай Сыртқы істер министрлігі ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Сапар 23 қыркүйекте басталады. Кездесу барысында Трамп пен Си Цзиньпин сауда, жасанды интеллект, Тайвань және Иран төңірегіндегі ахуалды талқылайды деп жоспарланып отыр.

Бұл Си Цзиньпиннің он жылдан астам уақыттан кейін АҚШ-қа жасайтын алғашқы сапары болмақ.

Миллиардтаған долларлық сауда келісімі

Бұған дейін Вашингтон мен Бейжің Си Цзиньпиннің сапарына орай ықтимал сауда келісімін дайындап жатқаны хабарланған еді.

Сапар алдында екі елдің өкілдері өзара шамамен 30 миллиард долларға сауда баждарын төмендету мәселесін талқылап жатыр. Bloomberg мәліметінше, АҚШ Қытайдан америкалық өндірушілерге қажетті бөлшектер мен материалдарға салынатын тарифтерді төмендетуді ұсынып отыр. Ал Қытай тарапы америкалық энергия ресурстары мен ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты шектеулерді жеңілдету мәселесін қарастырып жатыр.

Келіссөздер екі ел арасындағы ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан қайшылықтар аясында өтіп жатыр. Бұған дейін Бейжің Тайваньға қатысты шиеленіске байланысты Си Цзиньпиннің сапарын тоқтатуы мүмкін екенін ескерткен. Кездесуге аз уақыт қалғанда екі ел тағы да бір-біріне санкциялар салды.

Технология саласындағы дау да әлі шешілген жоқ. Қытай сирек кездесетін металдардың экспортын шектесе, АҚШ жартылай өткізгіштерді жеткізуге шектеу қойып отыр.

Еске салайық, мамыр айында Трамптың өзі Бейжіңге барған болатын. Кездесу қорытындысы бойынша Ақ үй Ормуз бұғазын ашу жөніндегі жұмыстарды жүргізу туралы келісім болғанын хабарлады. Сонымен қатар Вашингтон мен Бейжің сауда және инвестиция мәселелері бойынша одан әрі келіссөздер жүргізу үшін бірлескен алаңдар құруға уағдаласты.