Ауған волейболшысы Махжубин Хакимидің туыстары спортшыны «Талибан» қозғалысының мүшелері өлтірді деген ақпаратты жоққа шығарды (Қазақстанда тыйым салынған). Туыстарының айтуынша, ол тамыз айында өзіне қол салып көз жұмған, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Оны тәлібтер қазан айында өлтірген жоқ. Махжубин 6 тамызда көз жұмды («Талибан»билікке 15 тамызда келді). Оның денесі Кабулдағы жігітінің жуынатын бөлмесінен табылды. Ол Махжубиннің суицид жасағанын растады. Біз жігіттің туыстары әлденені жасырып айтпай отыр деп ойлаймыз», – дейді волейболшының туыстары.
sports.ru-дың мәліметінше, жігіт спортшы қыздың өмірден озған күні жазылған бейіт басындағы тастың суретін жариялады.
Бұған дейін «Талибан» қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған) мүшелері әйел спортшыларды іздеу операциясы аясында ауған волейболшысы Махжубин Хакимидің басын алғаны туралы жазылған болатын.