Алматы қаласының әкімі "Досаев келесі премьер-министр болады екен" деген сыбыстарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
– Сіз ұлттық экономиканы, ұлттық банкті басқардыңыз. Сізді келесі премьер-министр болады деген де әңгімелер бар. Мұндай болжамдар жөнінде не дейсіз? – деп сұрады Досаевтан Ulysmedia.kz тілшісі.
Бұл сұраққа жауап берген Ерболат Досаев бұл сұрақ бұрын да қойылғанын айтады.
– Алматыны дамыту жөнінде айтқан жоспарларымызды жаңа айтып кеттім. Сол себепті дәл қазіргі жұмысыма басымдық беремін. Болып жатқан жайттардың бәрін есепке ала отырып, “осы жұмыс сізге ұнай ма?” деп сұрасаңыз, “ұнайды” деп жауап берем. Өте жасампаз жұмыс. Сол себепті туған қаламды дамыту бағытында жұмысты атқара берсем деймін, – дейді Ерболат Досаев.
Әкім тағайындалу мәселесі сарапшылардың құзыретінде емес екенін айтады.
– Үкімет, әкімдер өз деңгейінде жұмыс істеп жатыр. Бұл дұрыс. Маған бұл жағынан назар аударғаныңызға рахмет! Бірақ әзірге алдағы екі жылда белгіленген, қаланы дамытуға бағытталған жоспарларды орындасам деймін, – дейді Ерболат Досаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ерболат Досаев қоғамдық даму басқармасының "БАҚ-ты талдау және мониторингілеу жөніндегі қызметтерге" не үшін тендер бөлінгенін түсіндіруге тырысқан еді.