Жастардың біразы ғылым іздесе, енді бірі әлеуметтік жағдайын жақсартуға ниетті. Қазақстаннан кетіп жатқандар жайлы сюжет жасаған 24.kz кететіндердің көбі білікті маман екенін, өйткені іскер адам ол жаққа да қажет екенін атап өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сарапшылар мұндай көштің қай елде де болатынын айтады. “Әңгіменің төркіні, одан ешқандай астар іздеудің қажеті жоқ” дегенге саяды.
Мәселен, Мұхит Құлмағанбетов атты азамат еліміздегі медициналық оқу орындарында көз дәрігері мамандығын меңгеріп шыққан. Кейін Ұлыбританияда кәсіби білімін жалғастырған. Қазір Гонконгта еңбек етіп жүр. Айтуынша, шетелде ғылыми ізденіс үшін барлық жағдай жасалған. 32 жастағы отандасымыз өз әріптестерімен бірге көз ауруларын ерте анықтайтын құрылғы жобасын әзірледі.
– Мысалы, ол жерлерде зерттеулердің барлығы университеттер мен ғылыми технологиялық парктерде жасалып жатады. Сондықтан ондай жерлерде зертхана көп. Мүмкіндік көп. Айлық жақсы. Ғалымдарды өте қатты сыйлайды. Біз қазір кванттық технология құрастырып жатырмыз. Ол құрылғы кәдімгі МРТ, КТ деген сияқты құрылғы болады. Соны елге алып келгім келіп жүр, – дейді ол.
Кез келген елдің дамуы адами капиталының әлеуетімен тікелей байланысты. Соның ішінде саннан гөрі сапаға басымдық берілгені жөн, дейді мамандар. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 30 жыл ішінде бұл бастама арқылы 12 мыңнан астам адам шетелде оқыған. Оның 10 мыңға жуығы отандық еңбек нарығында тиісті мерзімде қызмет атқарған. Қалғаны шарттарды әлі орындап жатыр.
– Мұндай дамып жатқан елдерде жиі кездеседі және Қазақстанда да жоқ емес. Ал енді «Болашақ» бағдарламасына келсек, бағдарламаның түлектері сол жаққа барып, шетелдерде қалып, ондай мақсат қоймайды. Неге? Өйткені қазіргі таңда бүкіл заңнамалық нормативтік-құқықтық база олардың оралып келуіне негізделген. Оқуды аяқтау, Қазақстанға оралу және Қазақстан аумағында 5 жыл жұмыс істеулері керек, - дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Арман Ашкин.
Алайда келісімшарт талабын орындап болғандар мен жеке қаржы арқылы шетелде білім алған өзге кадрлардың біразы елден кетіп жатыр. Тәжірибе көрсеткендей, олар әлеуметтік, ғылыми және цифрлық әлеуеті жоғары орта іздейді. Ең бастысы, инновациялық бастамаларға қолдау күтеді.