Бүгін «Бармысың, бауырым?» хабарының тікелей эфирінде бельгиялық баланың анасы болуы мүмкін делінген жанның сараптама нәтижесі жарияланды. Хабар редакциясының зерттеулері нәтижесінде, «Жәнібектің (Jani Eddy J Saveliev) анасы болуы мүмкін» деген келіншек ДНҚ сараптамасын тапсырған еді. Өзін Мұрат деп атағанды ұнататын бельгиялық баланың үміті ақталмады. ДНҚ сараптамасы теріс нәтиже көрсетті, деп жазады Ulysmedia.kz.
Хабар барысында Жәнібек көзіне жас алып қалды.
Осыған қатысты Жәнібекке анасын табуға ақпараттық және жан-жақты қолдау білдіріп отырған журналист Қымбат Досжан пікірімен бөлісті.
«Әйел құжаттағы аты-жөнді ойдан құрастырып жазып кеткенін мойындап отыр. Өкініштісі сараптама нәтижесі бойынша ол әйел Жәнібектің анасы болмай шықты. Ресми құжаттағы бүкіл мәліметті мойындап, қабылдап отырған адамның сынама нәтижесі бұлай шыққаны түсініксіз жағдай. Екінші күдігіміз: перзентханада немесе Жәнібек 2 жыл бойы тәрбиеленген Балалар үйінде балалар ауысып кеткен. Енді сұрақ – бала ауысып кетсе, біз тауып отырған Жазираның ұлы қайда?!», деп түйіндеді хабардың жүргізушісі Қымбат Досжан.
Сонымен қоса табылған келіншек Арқалықтың адамы емес, Арқалыққа басқа жақтан бір танысының үйіне барғанын және бейресми деректерде айтылып жүрген «Әсел» деген адамның жалған екенін айтқан.
Жәнібек теріс нәтижеге қарамастан іздеуді жалғастыруға бекініп отыр. Бағдарлама ұжымы да табылған келіншек пен Жәнібек басқа клиниканың лабораториясына екінші рет тест тапсыруға келісім беріп отырғанын айтып, іздеу жалғасатынын хабарлады.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде шетелде тұратын Жәнібек есімді (қазіргі құжатында ЭддЖан) жас жігіттің Қазақстанға келіп, анасын іздеп жатқаны туралы видео жарияланған еді. Белгілі болғандай, Жәнібек 2002 жылы 17 қаңтарда Арқалықта туған. 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазіргі бельгиялық отбасы, яғни жалғызбасты анасы асырап алуға алып кеткен.