×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

8 мандат алғанымызды "норм" қабылдадық - Серік Егізбаев

30.12.2023, 11:46

«Ауыл» ХДПП төрағасы, Мәжіліс депутаты, фракция жетекшісі Серік Егізбаев Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берді. Тіркелгеніне жиырма бір жыл болған партия биыл тұңғыш рет Мәжілістің 8 депутаттық мандатына қол жеткізіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Өзіміз кінәлі...”

Журналист Ерболат Мұхаммеджанның “Неге жиырма бір жыл бойы “Ауыл” партиясы Мәжіліске өте алмады?” деген сауалына партия басшысы өздері де түсініксіз күй кешетінін жасырмады.

“Ол сұрақты өзімізге де қоямыз. Жалпы, біз осы уақытқа дейін барлық сайлау науқандарына белсенді қатысып келеміз. Соңғы 7-8 жылда екі үлкен президенттік сайлау науқандарына үміткерлерімізді ұсындық. Саяси жұмыстарға да араласып жүрміз. Мәжіліске өтпегеніміз – факт. Ешкімді кінәламаймыз, өзімізден көру керек. Мүмкін үгіт-насихат жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеген болар. Партия лидерлері халықтың арасына жиі шықпаған болар. Биыл Мәжіліске өткенімізге таң қалмадық, “норм” қабылдадық”. Бұл – жоспарлы жұмыстың нәтижесі”,  – деді партия басшысы.

Бектаев неге кетті?

Сұхбат барысында Әли Бектаев (сенатор) партия төрағасы қызметін не себепті тапсырғаны жөнінде сұрақ қойылды.

«Әли Әбдікәрімұлы партияны 8 жыл басқарды. Қазір ол кісі — Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғат пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы. Осы орайда Сенатта көп жұмыс атқарып жүр. Атап айтқанда, Әли Бектаев партияның қиын кезеңінде, оңай емес жылдарында төрағалық етті», — деді Серік Егізбаев.

Ол 18 қазанда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XXIII съезі өтіп, оған партияның барлық жиырма өңірлік филиалынан делегаттар қатысқанын айтты.

«Осы съезде бұл мәселені талқыладық. Әли Әбдікәрімұлы елге танымал саясаткер екені белгілі. Партияны 8 жыл басқарып, бірнеше саяси науқандардан өткізіп, сондай-ақ партияны Мәжіліске жеткізіп барып, төрағалықты тапсыру керек деген шешім жасады деп ойлаймын», — деді Мәжіліс депутаты, фракция жетекшісі.

Естеріңізге салсақ, Ulysmedia алаңына келген қоғам белсендісі, ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Алмасбек Садырбаев «Ауыл» партиясында у-шу, дау-дамайдан басқа ештеңе жоқ екенін айтқан болатын.