×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Бай-патшаларды кім қадағалайды»: Депутаттар «Майқайың алтын» иесі Поповичке шүйлікті

17.01.2024, 11:13
«Бай-патшаларды кім қадағалайды»: Депутаттар «Майқайың алтын» иесі Поповичке шүйлікті
Фото: Ашық дереккөзден

Депутат Жарқынбек Амантайұлы Майқайың кеніші шахтасының маңындағы автобус апатына байланысты бас прокурор мен премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

4 қаңтарда сағат 01-25 шамасында Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кеткен еді. Төрт адамның екеуі әлі табылмаған.

Депутаттың айтуынша, қақаған қыстың ызғарына қарамастан тәулік бойы жүріп жатқан құтқару жұмыстарына облыс әкімдігінің жауапты қызметкерлері мен басшылығы қатысып отыр. Қажетті көмек әрбір отбасына көрсетіліп жатыр. Ең өкініштісі, құлаған жердің астына бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген. 

– Ал техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті зона ретінде оқшаулап тастау керек еді. Дегенмен, бұл мәселенің басы ғана. Бұл бір. Келесі, кентте тұратын «Шанхай» шағын ауданының тұрғындары алаңдап отыр. Оған себеп шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен дейді. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан. Бүгінде 10 мыңға жуық халық тұратын елді мекеннің негізгі тіршілік көзі де осы кен орындарында. Тек «Майқайың Алтында» мыңнан астам жергілікті тұрғындар еңбек атқарады, – дейді ол.

Депутаттың сөзінше, «Майқайың Алтын»  ресми сайтындағы мәліметтерінде кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндірілгені көрсетілген. Бұл – 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. 13 млн тоннадан астам кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген. Сөйте тұра, «Майқайың Алтын» өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған, балалар алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған. 

– Тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген. Ал енді осы акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан «Rence Enterprises LTD» компаниясына тиесілі. Ол компания Милан Попович деген бизнесменге тиесілі. Еліміздің байлығына кенелген бұл бай-патшалардың ісін кім қадалауға алады, – дейді Амантайұлы.

Осыған байланысты депутат комиссияның жұмысын ашық әрі жұртшылықпен, жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып үйлестіру керектігін, осы маңдағы барлық шахталық жұмыс жүргізілген аумақтарды анықтап, оларды қауіпсіздік ережелеріне сай оқшаулау керектігін айтады. Шахтаның маңында орналасқан шағын ауылдың тұрғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыруға, елімізідің байлығын пайдаланып, бірақ әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетпей отырған шетелдік компанияларға Заң жүзінде қатаң шаралар қолданылып ескерту жасалуы қажет деп санайды. Апатқа және техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына түрткі болған жағдайға прокуратура әділетті бағасын беруі қажет дейді.

Естеріңізге сала кетейік, автобуспен бірге жер астына түскен төрт адамның екеуінің денесі шығарылған. Балқаштан жеткізілген еліміздегі жалғыз құрылғы - америкалық өнеркәсіптік радиолокация автобустың жатқан жерін анықтап берген еді. «Майқайыңалтын» кен орнында бірнеше күн бұрын ішінде төрт адам бар автобус құлап кеткен еді. Екі адамның денесі шығарылған.