×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Шекарадағы ауылдың шағымы: Тұрғындарға интернет биыл жететіні хабарланды

19.01.2024, 16:05
Шекарадағы ауылдың шағымы: Тұрғындарға интернет биыл жететіні хабарланды
Коллаж: ulysmedia.kz.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Қаратоғай ауылының тұрғындары интернеттің жоқтығына байланысты премьер-министр Әлихан Смайылов пен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге бейнеүндеу жолдаған еді. Министрлік пен облыстық жауапты басқарма үндеуге байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Облыс билігі не дейді?

Алдымен, Ulysmedia.kz редакциясына Шығыс Қазақстан облысы цифрландыру және архивтер басқармасынан жауап келді. Жауапта Күршім ауданының елді мекендерін (Қаратоғай 567 адам, Жолнұсқау 236 адам, Үшбұлақ 271 адам) мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, 4 антенналық діңгек конструкцияларын орнату жұмыстары жүргізілгені жазылған. Облыс билігі интернет аталған ауылға биыл тартылатынын хабарлайды.

Министрліктің жауабы

Артынша, цифрлық даму министрлігі басқарманың жауабын толықтырып, 567 адамнан тұратын Қаратоғай ауылында 2G байланысы барын хабарлады, алайда мобильді интернет жоқтығын растады. Мобильді интернетпен қамтамасыз ету мәселесі облыстық бюджет қаражаты есебінен спутниктік трансмиссияны радиорелелік желісіне ауыстыру жолымен шешілетінін қайталайды.

– Жобаны іске асыру үшін екі антенна-діңгек құрылысын салу жоспарлануда (45м, 35м). Антенна-діңгек құрылыстарын салуға жергілікті бюджеттен 347,6 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Әкімдік антенна-діңгек құрылыстарын орнату жұмыстарын аяқтағаннан кейін «Beeline» ұялы байланыс операторы трансмиссияны ауыстыру жұмыстарын жүргізіп, елдімекенді 4G ұялы байланыс технологиясымен қамтамасыз ететін болады. Антенна-діңгек құрылыстарын салу бойынша жұмыстарды жүргізу министрлік пен облыс әкімдігінің басшылығы арасында қол қойылған жол картасының аясында іске асырылуда, - делінген министрліктің жауабында.

Сондай-ақ 2023 жылы бірқатар облыс әкімдіктерімен бірлесіп жол карталарына қол қойылған. Аталған тізімге Шығыс Қазақстан облысы да кіреді.

– Сонымен қатар Қаратоғай ауылының мектебі білім министрлігінің тізіміне енгенін және оның аясында 2024 жылдың 1 тоқсанының соңына дейін мектепте «Starlink» спутниктік интернет терминалы орнатылатынын атап өткен жөн, - делінген министрліктің түсініктемесінде.

Қаратоғайлықтардың үндеуі

Еске сала кетейік, Күршім ауданы Қаратоғай ауылының тұрғындары үндеуді Ulysmedia.kz порталына бүгін жарияланған. Олардың айтуынша, ауылға шекаралас жатқан ауылдық округтердің бәрінде ғаламтор желісі бар.

– Тек бізде ғана жоқ. Ауыл тұрғындары ауыл, аудан әкіміне жылдық есеп беру кезінде ғаламтор мәселесін бір емес, бірнеше рет айтқан. Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Сол себепті сіздерге ауыл болып бейнеүндеу жасап отырмыз. Өтінішімізді жерге тастамауларыңызды сұраймыз, – дейді ауыл тұрғындары.

Қаратоғайлықтардың айтуынша, ауылда интернет тек “Е” деңгейінде ғана тартады. Олар мәселені реттеп беруді өтінген.