Су тапшылығы жыл өткен сайын сезіліп келеді. Былтыр Жамбыл облысы мен Қызылорда өңірінің шаруалары егініміз күйіп кететін болды, көмектесіңіздер деп дабыл қаққан. Мәселе осы облыстарға көршіміз қырғыз бен өзбектен келетін су көлемінің азайып кетуінде болып отыр. Тақырыпты Ulysmedia.kz журналисі зерттеп көрді.
Qasqa jol ютуб арнасына берген сұхбатында бұрынғы су ресурстары комитетінің экс-басшысы Ислам Әбішов (қазір су шаруашылығы комитеті) мұның сыры көрші елдерден келетін суда емес, сол елдердің қас-қабағын баға алмаған біздің шенеуніктерде екенін айтты.
Алыстағы туыстан жақындағы көршің артық
– Кезінде Қырғыздың президенті А.Атамбаев Н.Назарбаевқа қарата біраз айыптаулар айтқан еді. Оның видеосы да кең тарап кетті. Қырғыз еліндегі президенттік сайлауға араласты деп айыптаған. Сол кездері Қырғыздан келетін су азайып кетті. Кейін мұны екіжақты қарым-қатынас тәртібінде шештік. Міне, сол уақыттарда біздегі су шаруашылығына қатысты стратегиялық өзгерістер керектігін жоғары жаққа айттым. Ол кезде Премьер-министр Б.Сағынтаев еді. Егер біз сол кезде стратегиялық өзгерістерді бастап кеткенде, қазіргідей коллапста қалмас едік, – дейді Ислам Әбішев сұхбатта.
Еске салайық, Ислам Әбішовтің 2021 жылы жазасын өтеп шыққан. Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішев шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.
2020 жылы 18 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ислам Әбішев пен Бүкіләлемдік қазақ күресі федерациясының экс-вице-президенті Серік Түкиевке үкім шығарды. Әбішов комитеттегі қызметінен бөлек аталған федерацияны басқарды.
Сот оларды ірі мөлшерде пара алуға әрекеттенгені үшін кінәлі деп соттады. Ислам Әбішев 60 миллион теңгеден астам пара алмақ болғаны үшін айыпты деп танылды. Әбішев бес жылға, Түкиев төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Ислам Әбішевтің ұсталғаны туралы 2019 жылдың наурызында белгілі болған еді. Ол бір жарым жылдан кейін шартты түрде мерзімінен босатуға өтініш жазып, Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы №2 Байқоңыр соты қаулысының күшін жойды. Әбішовтің адвокаты Ерлан Мәкеновтің айтуынша, оған Ислам Алмаханұлының жасы мен қасақана заңбұзушылықтың болмауы негіз болған.
Экс-төрағаның айтуынша, көрші елдердегі әріптестерімен адамша сөйлесу керек еді. Бірақ біздің үкімет коммуникацияға жоқ.
Министр болуға лайық емес...
Әбішовтің айтуынша, Экология, Геология және су ресурстары ведомствосын басқарған З.Сүлейменова көптеген қателік жіберді. Саланы жетік білмегенін былай қойғанда, білетін адамдарды қудалап, жұмыс істетпеген. Өзі білмегесін, жанына кіл алаяқтарды қалай жинап алғанын байқамай қалған болар. Турасын айтқанда, су шаруашылығын тұралатып кетті. Әрі қарай сол министр орнында отыра бергенде, жағдайымыз не болатын еді?!
– Оның (Зүлфия Сүлейменованың) су саласының иісі мұрнына бармайды. Кадрлармен жұмыс істеуде өте үлкен қателіктерге жол берді. Бүкіл «Казводхоз»-дың қызметкерлері де, біз де жоғары жаққа айттық. Кейін өздері де көз жеткізген болуы керек, қызметінен босатты, – дейді Ислам Әбішев.
Соңғы жылдары Каспий теңізі мен Балқаш көлінің суы азайып бара жатқаны туралы аз айтылып жүрген жоқ. Каспийге Жайық пен Еділ, Балқашқа Іле өзені негізгі күретамыр болғандықтан, осы өзендердің мәселесін көрші мемлекеттер – Ресей және Қытаймен шешіп алған дұрыс. Бұлар трансшекаралық өзендер болғандықтан, олардың тағдыры аталған қос алпауыттың қолында. Жайық қысылса, Каспий күңіренеді. Ілеге Қытай ілмек салса, Балқаштың жағдайы мүшкіл болады.
Қытай мен Ресейдің қас-қабағы
Су ресурстары комитетінің экс-төрағасы Әбішевтің айтуынша, Балқашқа құятын өзендердің жылдағы су көлемі өзгеріп жатыр дейтін сарапшылар, алдымен, циклды зерттеуі керек. Он жыл бұрын қандай еді, жиырма-отыз жыл бұрын қандай көлемде су құйылды. Міне, сонда белгілі болады.
Соңғы 25-30 жыл көлемінде Қытай Іле өзенінің суын көп пайдаланып жатыр. Бұл содан болуы да мүмкін. Дәл осылай жалғаса берсе, Балқаштан да айрылып қалуымыз ықтимал.
Су саясаты тіршілік саясаты екені жыл өткен сайын айқындала түскендей. Орта Азияның ортақ проблемасы мүдделі елдердің бірігуі арқылы оңтайлы шешіледі. Осған дейін алпауыттар қара алтын үшін қырқысса, енді ауыз су үшін нағыз талас басталмақ. Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяқ киімің тар болса депті бір дәруіш. Сол айтқандай, ұлан-ғайыр жердің қызығы мөлдір сусыз қараң болар.