×
481.84
531.33
5.07
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
481.84
531.33
5.07

Ұлытауда ауыл жігіттерінің Охотзоопром қызметкерлерімен төбелесі үлкен дауға ұласты

21.01.2024, 11:52
Ұлытауда ауыл жігіттерінің Охотзоопром қызметкерлерімен төбелесі үлкен дауға ұласты
Фото: Скриншот

Әлеуметтік желіде осыдан бес күн бұрын Ұлытау ауданында болған оқиға қызу талқыланып жатыр. Ресми мекеме мен ауыл жігіттерінің қақын қорғағандар оқиғаға екі түрлі баға береді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әлеуметтік желіге тараған видеода бір жігіт түнде телефонының бейнекамерасын алып шығып, киік тушалары үйілген көп көліктің жанына барады. Өзі тікелей эфирге шыққанын айтқан жігіт Охотзопром (болжам бойынша) қызметкерлерімен төбелесіп қала жаздайды. Онымен келген тағы бір жігіттің расында да төбелесіп жатқанын байқауға болады. Видеода былапыт сөздер айтылады. 

Экология және табиғи ресурстар министрлігі не дейді?

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, 2024 жылдың 16 қаңтарында сағат таңғы 05:00-де Ұлытау облысының Ұлытау ауданындағы Қызылжар ауылының маңында белгісіз бес адам көлікпен мас күйде келіп, «Охотзоопром» инспекторы Самат Оспановпен төбелесіп, қызметтік «Сайга» қаруын тартып алған. Сонымен қатар, сондағы қызметкерлердің кілтін тартып алып, белгісіз бағытта кетіп қалған.

«Аталған факт Ұлытау облыстық полиция департаментіне, облыстық прокуратураға хабарланды. Іздестіру шаралары барысында құқық қорғау органдары 4 адамды ұстады. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Қару мен көліктің кілті Оспановқа қайтарылды», - дейді министрлік.

Полицияның позициясы

Ұлытау облысының полиция департаментінің ресми сайтында Жаңаарқа ауданының аумағында криминалдық полиция Қызылжар кентінің төрт тұрғынын ұстағанын хабарлайды. Күдіктілер «Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, оларға қарсылық танытып, күшін қолданып, оқиға орынынан қашып кеткен деп жазады полиция. 

«Қызметшілерге қатысты күш қолданды деген күдіктілердің төртеуі де ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Олар жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторға, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымның инспекторына, қорықшыға қатысты күш қолдану қаупі үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жазамен қылмыстық жауапкершілік көзделген, — деп атап өтті Ұлытау облысы ПД бастығының орынбасары Сафуан Жампейсов.

«Олар ақбөкенді қырып жатқанының үстінен түскен»

Агросарапшы Алмасбек Садырбаев ауыл жігіттері жазықсыз қамалды деп есептейді.

«Жағдай былай: ол жерде ауылдың төрт азаматы заңбұзушылық болып жатқанының үстінен түседі. «Охотзоопромның» қызметкерлері ондаған, жүздеген буаз киік малын, ақбөкенді қырып жатқанының үстінен түседі. Соны тоқтатуға әрекет жасады. Сол жерде төбелес болады. Сол төбелестен кейін заңды бұзып, ақбөкендерді қырып жатқандарға ештеңе болмайды да, «соны тоқтатыңдар» деп араласқан төрт азамат қазір абақтыда жатыр», - дейді ол.

Агросарапшы «сонда біздің елімізде мемлекеттік қызметкерлерге, полицияларға заң жүрмей ме? Үкімет жүз мыңдап киікті қырып жатқанда халық үндемей отырды. Ал соны тоқтатпақ болған жігіттерді соттамақ па?» деп пікір білдіреді.

Еске сала кетейік, былтыр қыркүйекте ақбөкендер Қазақстанда реттеуге жататын жануарлар тізіміне енгізілді. Экология және табиғи ресурстар министрлігі тиісті бұйрыққа былтыр қыркүйекте қол қойған еді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығына сәйкес, ақбөкендерден басқа, саны реттелетін жануарлар тізіміне қасқырлар, шибөрілер, қарғалар, үлкен корморанттар, жыланбас балықтар енді. Тізімдегі жануарлардың саны халықтың денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа үй жануарларының ауруларынан қорғау, қоршаған ортаға зиян келтірмеу мақсатында реттелмек.

Бұйрық 2023 жылдың 6 қазанынан бастап қолданысқа енген.