Қазақстанда жол мәселесі қашанда өзекті. Президенттің биылғы Жолдауынан кейін бұл тақырыптың маңызы арта түсті. Қасым-Жомарт Тоқаев көлік министрлігіне елдегі барлық автомобиль жолына, соның ішінде осы уақытқа дейін әкімдіктердің қарауында болған жергілікті жолдарға да жауапкершілік жүктеуді тапсырды. Мемлекет басшысы жол құрылысының сапасына қатысты мемлекеттік органдар арасындағы бітпейтін дауға нүкте қою қажеттігін айтты.
Биыл республикалық маңызы бар тоғыз мың шақырымға жуық жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қай жобалар аяқталды, қандай күре жолдар жақын арада пайдалануға беріледі және елдің көлік қатынасы қалай өзгереді? Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеді.
ЖЫРЫ БІТПЕЙТІН ЖОЛДАР
Қазақстанда жол мәселесі парламентте де, әлеуметтік желіде де, күнделікті тұрмыста да жиі талқыланады. Бірі ойдым-ойдым асфальтқа шағымданса, енді бірі бітпейтін жөндеуден шаршаған. Тағы біреулер жол инфрақұрылымының нашарлығынан тартқан шығынын есептеп әлек.
Мәжілісте жол қауіпсіздігі, құрылыс сапасы мен саланы қаржыландыру мәселелері бірнеше рет көтерілді. Депутаттар жыл сайын ел жолдарында 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелетінін, соның салдарынан мыңдаған адам қаза табатынын айтқан.
Қаржы тапшылығы да саланың дамуына кедергі болып отыр. Жол саласына жыл сайын шамамен 1,9 триллион теңге қажет болғанымен, іс жүзінде бөлінетін қаржы бір триллион теңгенің айналасында ғана.
Жүк тасымалдаушылар үшін де шешілмеген мәселе бар. Жаңа жолдар бір білікке түсетін 13 тонна жүктемені ескеріп жобаланады. Алайда іс жүзінде рұқсат етілген салмақ – 10 тонна. Соның кесірінен тасымалдаушылар жобада қарастырылған жол мүмкіндіктерін толық пайдалана алмайды. Жүкті бірнеше мәрте тасуға тура келіп, көлік шығыны мен тауардың өзіндік құны өседі.
Депутат Серік Ерубаев Атырау облысының көлік қатынасынан шет қалғанына назар аударған еді. Қазақстандағы ең бай өңірлердің бірі әрі республикалық бюджетке қомақты қаржы құятын облыста әлі күнге дейін бірінші санаттағы жол жоқ. Ал Атыраудан Оралға барғысы келген тұрғындар Ақтөбе арқылы айналып өтуге мәжбүр.
Жолдың жайын әлеуметтік желі қолданушылары да жиі сөз етеді. Жүргізушілер Орал – Ақсай тасжолын бомбалаудан кейінгі жолға теңесе, Шымкент тұрғындары транзиттік магистральдағы кептеліске шағымданады. Ал Алматыда жаңбырдан кейін-ақ жарылып жатқан жаңа асфальттың сапасы сынға ұшырады.
Мұның бәріне қаныққан президент өз Жолдауында жол саласын басқару тәсілін өзгертуді талап етті.
– Алдымызда барлық автомобиль жолын, атап айтқанда, республикалық және жергілікті жолдардың бәрін сапалы салу міндеті тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкіметке, соның ішінде Көлік министрлігіне жолдардың қай мекеменің қарамағында екеніне қарамастан, бүкіл жол желісіне жауап беруді тапсырды. Оның айтуынша, республикалық жолдар елдегі барлық автомобиль жолының шамамен 26 пайызын ғана құрайды. Қалған бөлігі жергілікті биліктің қарамағында.
Демек, енді жол саласын басқару жүйесі өзгеруі мүмкін. Ал министрлікке жүктелетін міндеттің ауқымы қандай?
ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ – ЭКОНОМИКАНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
Қазақстанда жол салу әлдеқашан ішкі мәселеден асып, халықаралық маңызы бар салаға айналды. Теңізге тікелей шыға алмайтын ел Еуразияның ірі нарықтарының ортасында орналасқан. Қазақстан осы географиялық артықшылығын пайдаланып, халықаралық транзитті дамытуға ұмтылып отыр.
Ел аумағы арқылы Қытайды, Орталық Азияны, Кавказды, Ресейді және Еуропаны байланыстыратын сегіз автомобиль дәлізі өтеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан арқылы тасымалданған транзиттік жүк көлемі 18 пайызға өсіп, 39,1 миллион тоннаға жетті. 2035 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 миллион тоннаға жеткізу жоспарланған.
Транзиттің дамуы елге тасымалдан түсетін кірісті ғана арттырмайды. Жүк ағыны көбейген сайын логистикалық орталықтарға, қоймаларға, жол бойындағы қызмет көрсету орындарына және жөндеу кәсіпорындарына сұраныс артады. Мұның бәрі жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді.
Дүниежүзілік банктің бағалауынша, инфрақұрылымға инвестиция салу мен сауда рәсімдерін жеңілдетуді қатар жүргізу көлік дәліздерін дамытып жатқан елдердің экономикасын шамамен 15 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік береді. Алайда Қазақстан үшін жаңа күре жолдар салумен қатар, көлік қозғалысының үздіксіз болуын қамтамасыз ету де маңызды. Егер жүк шекарада бөгеліп қалса немесе жолдың нашарлығынан діттеген жеріне уақытында жете алмаса, елдің географиялық орналасуының артықшылығы да толық пайдаланылмайды.
Тоқаев Жолдауында осы мәселеге де тоқталды. Президент 2027 жылы барлық автомобиль өткізу бекетін қайта жаңғыртуды аяқтауды тапсырды. Сонымен бірге отандық жүк тасымалдаушылардың жағдайына назар аударды. Қазір Қазақстан арқылы өтетін автомобиль транзитінің жартысынан астамын шетелдік компаниялар жүзеге асырады.
9 МЫҢ ШАҚЫРЫМ ЖОЛДА ЖҰМЫС ЖҮРІП ЖАТЫР
2026 жыл жол құрылысы саласы үшін қарбалас кезеңнің бірі болды. Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын басқарумен айналысатын ұлттық оператор «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, қазір республикалық маңызы бар 8,9 мың шақырымға жуық жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Соның ішінде 3,4 мың шақырымында құрылыс пен қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Бұл былтырғы көрсеткіштен шамамен 55 пайызға көп. Тағы 324 шақырым жолға күрделі жөндеу, 5,2 мың шақырымға жуық жолға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр.
Жұмыстың ауқымын оған жұмылдырылған күш пен техникадан да байқауға болады. Жол нысандарында 25 мыңнан астам маман еңбек етіп, 12 мыңға жуық техника мен 193 асфальт-бетон зауыты жұмыс істеп тұр.
Мұның бәрі жаңа жол салумен шектелмейді. Көптеген бағытта қайта жаңғырту кезінде жолдың жүріс бөлігі кеңейтіліп, қарсы бағыттағы көлік ағындары бөлінеді. Сонымен қатар көпірлер, жол өткелдері мен көлік айрықтары салынады.
ҚАЙ ЖОЛДАРДА КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫ АШЫЛДЫ?
Ел тұрғындары биылғы жол маусымының алғашқы нәтижесін көре бастады. Тамызда Астана – Көкшетау – Петропавл – Ресей шекарасы бағытындағы тасжолдың 30,2 шақырымы қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді.
Қазанда Шығыс Қазақстан облысында Рахман қайнарына апаратын 13 шақырымдық жолдың құрылысы аяқталды. Мыңдаған шақырым жолмен салыстырғанда, 13 шақырым аса үлкен көрсеткіш болмауы мүмкін. Бірақ бұл учаскенің жергілікті тұрғындар мен туристер үшін пайдасы айқын. Бұрын жолсыз жермен жүріп өтуге үш жарым сағаттай уақыт кетсе, енді осы аралықты небәрі 20 минутта еңсеруге болады. Шығыс Қазақстанның табиғаты көркем аймақтарының біріне қатынаудың жеңілдеуі туризм үшін де маңызды.
Ақтөбе облысында да ірі жол жобасының бір бөлігі пайдалануға берілді. Әңгіме Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын тасжолының 28 шақырымы туралы болып отыр. Бұрынғы екі жолақты жолдың орнына қарсы бағыттағы көлік ағындары бөлінген төрт жолақты күре жол салынды. Мұнда көпірлер, жол өткелдері мен көлік айрықтары да бой көтерді. Бұл – ұзындығы 262 шақырым болатын бағытты қайта жаңғырту жобасының бір бөлігі. Жұмысты толық аяқтау 2029 жылға жоспарланған.
Жыл соңына дейін жолшыларды әлі де қыруар жұмыс күтіп тұр. Жоспар бойынша, шамамен екі мың шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіліп, күрделі жаңартудан өткен тағы 97 шақырым жолда көлік қозғалысы ашылуы керек.
Жүргізушілер асыға күтіп отырған жаңалықтың бірі – Ұлытау облысы аумағындағы Қызылорда – Жезқазған тасжолының 208 шақырымында көлік қозғалысын толық ашу.
2027 ЖЫЛДАН БАСТАП ҚАНДАЙ КҮРЕ ЖОЛДАР САЛЫНАДЫ?
Биыл жол маусымы жекелеген учаскелерді ашу және ауқымды жөндеу жұмыстарын жалғастырумен есте қалса, алдағы жылдары өңірлер арасындағы қалыптасқан бағыттарды едәуір өзгертетін ірі жобалар аяқталуы тиіс.
Солардың бірі – ұзындығы 457 шақырым болатын Қарағанды – Жезқазған тасжолын қайта жаңғырту. Қазір бұл нысанда 2,5 мыңнан астам маман мен мыңнан аса техника жұмыс істеп жатыр. Жаңа жол қолданыстағы тасжолға параллель салынады.
Жоба аясында 52 көпір, 72 жол өткелі және 28 көлік айрығын салу көзделген. Құрылыс аяқталған соң жол жүру уақыты шамамен 2,4–2,5 сағатқа қысқарып, тасжолдың өткізу мүмкіндігі 33 пайызға артуы тиіс. Жобаны толық аяқтау 2029 жылға жоспарланған.
Орталық – Батыс көлік дәлізінің де маңызы зор. Ол Астана, Арқалық, Торғай және Ырғыз қалалары мен елді мекендерін байланыстырады. Бағыттың жалпы ұзындығы шамамен 865 шақырым болады. Жоба іске асса, Қазақстанның орталық және батыс өңірлері арасындағы жол жүздеген шақырымға қысқарады.
Бұдан бөлек, Қызылорда қаласының айналма жолын салу жоспарланған. Ұзындығы 25 шақырым болатын бұл жоба Ислам даму банкінің қаржысына 2026–2029 жылдары жүзеге асырылмақ. Айналма жол салынса, транзиттік көліктердің бір бөлігі қала сыртымен қатынап, қаланың ішкі жолдарына түсетін салмақ азаяды.
Сондай-ақ Еуропалық инвестициялық банктің 93,8 миллиард теңге көлеміндегі несиесі есебінен 36 учаскедегі тағы 382 шақырым жол жөнделеді.
СОЛТҮСТІК БАҒЫТҚА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ
Президент Жолдауында Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі автомобиль жолдарының жайына арнайы тоқталды. Ол Көкшетау – Петропавл тасжолын кеңейту жұмысын бастауды тапсырды. Мемлекет басшысы жүк ағынының артуын ескере отырып, жол инфрақұрылымын одан әрі дамытудың маңызын атап өтті.
Бұл бағыт өңіраралық қатынас үшін де, халықаралық транзит үшін де маңызды. 2026 жылы Астана – Көкшетау – Петропавл – Ресей шекарасы бағытындағы тасжолдың 30,2 шақырымдық бөлігі қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Енді солтүстік көлік дәлізін одан әрі дамыту міндеті тұр.
Президент жол бойындағы инфрақұрылымды да заман талабына сай жаңарту қажеттігін айтты. Мұнда тек асфальттың сапасы емес, жүргізушілерге, жүк тасымалдаушылар мен жолаушыларға жасалған жағдай да маңызды. Өйткені жанармай құю бекеттері, тұрақтар, қызмет көрсету орындары мен оларға апаратын қолайлы жолдар болмаса, жаңа тасжолдың да мүмкіндігі толық ашылмайды.
ЖОЛ САПАСЫНА КІМ ЖАУАПТЫ?
Қазір ірі жол жобаларын жүзеге асыруда «ҚазАвтоЖол» ұлттық операторы негізгі рөл атқарады. Компания республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына жауап береді, елдің басты көлік бағыттарындағы құрылыс, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстарын үйлестіреді.
Алайда Қазақстанның жол желісі республикалық тасжолдармен шектелмейді. Оның басым бөлігі жергілікті маңызы бар жолдарға тиесілі. Ал оларға жауапкершілік әкімдіктер арасында бөлінген.
Президент осы жүйені өзгертуді ұсынып, елдегі барлық автомобиль жолын Көлік министрлігінің қарауына беруді тапсырды. Енді жаңа басқару тәртібі қалай құрылатынын, өкілеттіктер қалай бөлінетінін және құрылыс сапасына бақылау қалай жүргізілетінін айқындау қажет.
Сонымен қатар жол жобаларының өзі күрделі әрі қомақты қаржыны қажет етеді. Олардың уақытында аяқталуы қаржыландыруға, жобалық құжаттардың әзірлігіне, жер мәселесінің шешілуіне, ауа райына және мердігерлердің мүмкіндігіне байланысты. Сондықтан жекелеген учаскелердегі құрылыс мерзімі өзгеруі мүмкін.
Дегенмен жоспарланған жұмыстардың ауқымы Қазақстанның көлік желісі едәуір жаңаратынын көрсетеді. Мемлекет үшін нәтиже салынған жолдың шақырымы, жүк ағыны мен өткізу мүмкіндігі арқылы өлшенсе, қарапайым жүргізуші үшін жақсы жолдың өлшемі әлдеқайда қарапайым: діттеген жеріне аман-есен, қауіпсіз әрі уақыт жоғалтпай жету.