Қазақстан сыртқы істер министрлігі кезінде шетелге сатылып кеткен қазақ балалары бойынша ішкі тергеу-тексеру жұмыстарын жүргізе ме? Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақты Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровқа қойды.
“Шындыққа жанаспайды”
– Біріншіден, шетел азаматтары асырап алған бала 18 жасқа дейін Қазақстан Республикасының азаматы болып қалады. Оны біздің шетелдегі консулдар арнайы бағдарлама бойынша бақылап, көмектесіп жүреді. Бірақ 18 жасқа толғаннан кейін ол бала қай елдің азаматтығын алатынын өзі шешеді. 18 жасқа толғанға дейін сол елдің азаматтығын алса, біз өз шешімі болғаннан кейін еш әрекет жасай алмаймыз. Бірақ ол жасқа дейін асырап алған ата-аналар консулға есеп беріп тұруы керек, – дейді Айбек Смадияров.
Ал “балалар туралы ақпарат жоқ” деген ақпаратты ҚР СІМ ресми өкілі шындыққа сәйкес келмейді дейді. Айтуынша, барлық балалар бойынша ақпараттарды жиналады.
– Әрине, кейбір кезде бір мекенжайдан басқа мекенжайға көшіп кетіп, ақпарат болмай қалуы мүмкін. Сонымен қатар, “қазақ балаларын біраз экзотикалық елдерге алып кетті” деген де ақпаратты оқыдым. Ол рас емес. Өйткені бізде кезінде тоқсаныншы жылдары “балаларды тек Батыс елдерінің өкілдеріне беретін” талап болған. Батыс елдерінің азаматтары сол елдерде дипломат болып жұмыс істеуі мүмкін. Солар асырап алған. Ондай елдерге (Африка елдеріне) біз балаларды бермейміз. Қазіргі таңда 18 жасқа дейінгі 1993 бала консулдық есепте тұр, – дейді ол.
“Сенатор Дархан Қыдырәлі жүзден аса бала Африка елдеріне асырап кетті деді. Ол ақпарат өтірік пе?” деген сұраққа Смадияров “ол ақпаратты қайдан алғанын білмеймін. Біздегі ақпаратқа сәйкес, біз Африка елдеріне балаларды берген жоқпыз” дейді. Ол балалармен байланыс үзілді деген шындыққа жанаспай ма деген сұраққа “жанаспайды” деп жауап берді.
“Балалар туралы ақпарат жоқ”
Еске сала кетейік, бұған дейін депутат Дархан Қыдырәлі үкімет басшысына жолдаған сауалында бас прокуратура 2014 жылы шетел асқан балалардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, арнайы тексеріс жүргізгенін, жетім балалар мен оларды асырап алуға ниет білдірген азаматтардың бірыңғай мәліметтер жүйесін құруды ұсынғанын айтқан. Алайда бұл тексерістің нәтижесі және қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы ақпарат беймәлім болып қалған.
– Айталық, Оңтүстік Африка, Кения, Филиппин, Мексика, Мальта, Аргентина сияқты елдерге кеткен 120 бала бақылауға алынды ма? Бірыңғай мәліметтер жүйесі құрылды ма?»,- деп сұрады Дархан Қыдырәлі.
Оның сөзінше, Қазақстан шетел азаматтары асырап алған балалардың құқығын қорғау мақсатында 2010 жылы «Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияны» ратификациялаған. Бала құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган болып саналатын оқу-ағарту министрлігі берген мәліметке сүйенсек, конвенцияға қол қойғалы бері шетелдік азаматтар 158 қазақстандық баланы асырап алған. Соның ішінде 2013-2019 жылдары 157 бала шетел асса, соңғы 4 жылда 1 бала сыртқа шыққан. 1999 жылға дейін елімізден қанша жетім баланың шетелге кеткені туралы мүлдем мәлімет жоқ дейді сенатор.