×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Қазақстанның екі азаматы әскери төңкеріс болған Нигерден шыға алмай отыр

22.01.2024, 12:07
Қазақстанның екі азаматы әскери төңкеріс болған Нигерден шыға алмай отыр
Фото: Ашық дереккөзден

Нигердегі әскерилер олардың паспортын алып, қайтармаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мысырдағы консул барған

Африка еліндегі осы жайт жайлы бүгінгі брифингте Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты. Оның сөзінше, Нигер астанасы Ниамей қаласында Қазақстан азаматтары ұсталғаны туралы ақпаратты алғаннан кейін қаңтардың 9-12 аралығында Қазақстанның Мысырдағы консулы Нигер астанасына барып, сол елдің ішкі істер және сыртқы істер министрлігінің өкілдерімен, сонымен қатар елдің қарулы күштерінің бас штабының басшылығымен кездескен.

– 2023 жылдың шілдесінде сол елде болған әскери төңкеріске байланысты Нигерде мемлекеттік органдармен жұмыс істеуде бірқатар проблема туындап отыр. Біздің дипломаттар Нигердің тиісті органдарына ресми сауал жолдап, өз құзіреттері шеңберінде отандастарымызды Қазақстанға қайтару бойынша шаралардың бәрін қарастырып жатыр. Біздің азаматтар тұтқындалған жоқ және олардың қозғалысына еш шектеу қойылмаған. Екі азамат да отельде тұрады. Жергілікті әскерилер олардың паспортын алып алған, – дейді ол.

Айбек Смадияров аталған мәселені шешу үшін қажетті шаралардың бәрін қарастырылып жатқанын айтады.

Нигерде не болды

Нигердегі әскерилер былтыр ұлттық телевидение арқылы президент Мұхамед Базумның биліктен кеткенін жариялаған еді. Әскерилер сондай-ақ Конституция күші мен барлық мемлекеттік мекемелердің тоқтатылатынын, елдің батыс Африкадағы шекараларының жабылатынын хабарлады.

«Біз, қорғаныс және қауіпсіздік күштері, өздеріңіз білетіндей режимді тоқтату туралы шешім қабылдадық. Мұның ізінше елде қауіпсіздік жағдайы нашарлап, экономикалық және әлеуметтік басқару нашарлады. Сол себепті осындай шаралар қабылдап отырмыз», - деді генерал-полковник Амаду Абдурахман.

Оның алдында Нигерде әскерилер ел президентін ұстаған болатын. Мохамед Базум 2021 жылы билікке келген Нигердің жетінші президенті. Ол ант беруден бірнеше күн бұрын, 2021 жылдың наурыз айында Нигерде төңкеріс жасау әрекетінің жолы кесілген еді.

1960 жылы Франциядан тәуелсіздік алғаннан бері Нигерде төрт әскери төңкеріс болды.