Ішкі істер министрлігі жасөспірім балалардың құқығын қорғауда жұмыс алгоритмінің тың әдісін қолдана бастаған. Полиция қызметкерлері енді мектеп жасындағы балалардың көшбасшыларын анықтап, бақылауға алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
1400-і тіркеуге алынған
Әр оқу орнына жасөспірімдер ісі жөніндегі полиция қызметкері, жедел уәкіл мен учаскелік инспектор бекітілген. Олар алдын алу жұмыстарын жүргізіп, оқушылар арасындағы заңға қарсы әрекеттерді анықтауға тырысады.
– Жыл басынан бері қоғамға қарсы әрекетке бейім жасөспірімлердің формальдан тыс 1400 серкесі анықталды. Олардың бәрі ішкі істер органдарының бақылауына алынды, – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов бүгінгі брифинг барысында.
Оның айтуынша, жасөспірімдер тарапынан бопсалаудың 40 фактісі тіркелген.
Жасөспірімдерге қарсы қылмыс
Қазақстанда жасөспірімдерге қарсы қылмыс жиі тіркеледі. 13 ақпанда Петропавл мектебінде балта және пышақпен қаруланған 9-сынып оқушысы 3 баланы жарақаттаған еді. Осы оқиғадан кейін үкімет жауапты министрліктерге оқу орындарында тексеріс жүргізуді тапсырды. Қылмыс жасаған жасөспірім 6 жыл 9 айға сотталып кетті.
Өкінішке қарай, мұндай қылмыстарды полиция қызметкерлері де жасайды. Былтыр ішкі істер министрі Ержан Сәденов екі полиция қызметкерінің Алматыда 14 жастағы жасөспірім қызды зорлау фактісін растаған еді.
ІІМ өкілдері елдегі және шетелдегі «Черный двор», «Слово пацана» туындылары жасөспірімдерге кері әсер етіп жатыр деп есептейді.