Антикор Ертіс орманы резерватының басшысын ұстады, деп жазады Ulysmedia.kz.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет прокуратураның үйлестіруімен «Ертіс орманы» резерватының басшысы тарапынан пара алу фактілерін анықтаған.
– Ол кәсіпкерлерге іскерлік орманды заңсыз кескені және сатқаны үшін пара алудың қылмыстық схемасын ұйымдастырғаны анықталды. 26 қаңтарда тергеу сотының санкциясымен резерват басшысы 2 ай мерзімге қамауға алынды. Сонымен қатар, резерваттың бес бухгалтеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Олар 2021-2023 жылдар аралығында өздерінің карточкалық шоттарына, сондай-ақ мекеменің жұмыс істеп тұрған және бұрынғы қызметкерлерінің шоттарына жалақыны есептеу және аудару арқылы 25 млн теңге сомасында аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырған, – делінген антикор хабарламасында.
Келтірілген материалдық залал ішінара өтелгені хабарланады. Тергеу жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, былтыр «Ертіс орманы» резерватында бірнеше рет өрт шыққан еді.