Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов бүгін мәжілісте «мақаланы үтір-нүктесіне дейін өзгертпей жауап ретінде» пайдаланған министрлікті сынады. Оның айтуынша, Ақжол партиясына келіп түскен Алматы облысының Балқаш, Ескелді ауданының күрішші диқандарының хаттарына бұрын Мағзұм Мырзағалиев, қазір Серікқали Брекешов басқаратын министрлік осылай салғырт қараған, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.
«Осы жылдың наурыз айында «Ақ жол» фракциясының депутаттары Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің атына су тапшылығына байланысты еліміздегі күріш алқаптарын 29 мың гектарға азайту туралы мәлімдемесіне түсіндірме беруін сұрап сауал жолдаған болатын. Министрдің берген мардымсыз жауабына және жақында Ақжол партиясына келіп түскен Алматы облысының Балқаш, Ескелді ауданының күрішші диқандарының хаттарына орай бүгін қайта сауал жолдауға мәжбүрміз. Министрлік тіпті бізге берген жауабында ақпарат құралдарын шарлап жүрген көпке белгілі мақаланы үтір, нүктесіне дейін өзгертпей басыпты. Осындай жаттанды, ғылыми негізі жоқ, атүсті жауаптарыңыз онсыз да күріш саласының болашағына алаңдап жүрген диқандар қауымында жауаптың орнына, керісінше, көптеген сұрақтар туғызуда», - дейді депутат.
Берік Дүйсенбиновтың айтуынша, «Ақ маржан» брендіне айналған, күріш егетін үш облысты қосқанда бір миллионға жуық азаматқа жұмыс беріп отырған күріш саласының ешқандай ғылыми зерттеусіз, бір параққа сиятын бұйрықпен үштен бір бөлігін қысқарту – ойға сыймайды. Күріш алқабы, жоғарыда айтылғандай, қысқарса, орта есеппен үш жүз мыңға тарта адам жұмыссыз қалмақ.
«Бүгінгі азық-түліктің қымбаттауы, пандемия, экономикалық дағдарыстар кезінде еліміздегі әрбір кәсіпорынның, жұмыс орнының, әсіресе, ауылдағы күнкөрістің маңызы өте зор, тіптен жаңа жұмыс орнын ашу үшін мемлекетіміз миллиардтаған қаржы жұмсауда. Олай болса, ғасырлық тарихы бар, әлеуметтік, экономикалық құны баға жетпес сала туралы терең ойланып, елмен, мамандармен ақылдасып барып, салмақты һәм ашық шешім неге қабылдамасқа?!» - дейді депутат.
Оның сөзінше, биыл қатты қуаңшылық болып, Сыр елінде, Түркістан мен Алматы облысының шөлейт аудандарында малға жем-шөп болып отырған да күріштің арқасында су ішкен күрмек шөп пен күріштің сабаны, яғни, күріш егілмесе, мал да азықсыз қалатын еді.
«Құрметті Роман Васильевич (Скяларға) жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, «Ақжол» фракциясы болашақта еліміздің экономикасында күріш саласы бола ма, жоқ па? Егер күріш өндірісі сақталып, су каналдарын, инженерлік дренажды жүйені қалпына келтіру жұмыстары басталса, осы жүйені болашақта өздері пайдаланатын диқандардың өзін жұмысқа тартуды жоспарлап отырсыздар ма? Ал енді күріш алқаптары қысқартылса, жұмыссыз қалған жоғарғы деңгейлі мамандарды басқа салаға, басқа кәсіппен айналысуға, мысалы, мал шаруашылығына бейімдеу қарастырылған ба?» - дейді ол.