Қазақстанда Selftanu сайты бұғатталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сайт не үшін бұғатталды
Мәдениет және ақпарат министрлігінің портал тізілімінде ЛГБТ жасөспірімдер сайтына "баланың денсаулығына, адамгершілік және рухани дамуына зиян келтіретін ақпаратты орналастыруына байланысты" шектеу қойылғаны жазылған.
Ведомство оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитетінің хатын келтіреді. Онда уәкілетті орган балалардың жас ерекшеліктерін, олардың ақпараттық ортаның, тарихи және өзге де дәстүрлердің, Қазақстан қоғамы мен мемлекетінің мәдени құндылықтарының теріс ықпалына осал екенін ескере отырып, ЛГБТ қозғалысы идеяларын халық арасында тарататын интернет-ресурстарға қолжетімділікті шектеу қажет деп санайды делінген.
– Министрлік интернет-ресурсқа қолжетімділікті шектеу жөнінде шаралар қабылдады. Selftanu.kz "байланыс туралы" заңның 41-1 бабында көзделген ережемен шектелді. Selftanu.kz интернет-ресурсы ескертпелерді жойған жағдайда қалпына келтіріледі, - деп атап өтті ведомстводан.
Қазақстандағы ЛГБТ
Қазақстандағы ЛГБТ адамдары күнделікті өмірінде жыныстық бағдары немесе гендерлік бірегейлігі себебінен кемсітумен бетпе-бет келеді.
ЛГБТ адамдарына деген теріс көзқарас әлеуметтік оқшаулану, қорқыту және зорлық-зомбылық түрінде көрінеді. Мұның бәрі көбінесе физикалық, психологиялық және эмоционалдық зиян келтіруге апарып соғады.
Осыған байланысты ЛГБТ адамдары жыныстық бағдарын басқалардан жасыруға мәжбүр.