Депутат Бақытжан Базарбек өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеген құрылыс кодексінің жобасын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Бұл заңда ешқандай жаңалық жоқ”
Бақытжан Базарбек алдымен, бұл заңда ешқандай жаңалық жоқтығын айтты. Оның сөзінше, үш заңды қосып, бір заң ретінде кіргізе салған.
– Тимур Базарбайұлы мұнда, біз “күшейттік” дейді. Былай дейін: алдымен, тек факттарға сенейік. Бұл заң жобасын мен бастан-аяқ зерттеп шықтым. Бірақ менде бұрынғы сұрақтардан көп сауалдар пайда болды, – дейді ол.
Базарбектің сөзінше, кодекстің 78-бабы басқа заңнан көшірілген әрі ол лоббистік норма саналады.
– ПДП онда жылына екі рет түзетіледі. Қоғам тарапы оған наразы болған. Құрылыс кодексінде осы түзеле ме десек, қалыпты. Алматыдағы митингтер осы үшін болып жатыр. Лоббистік норманы Тимур мырза алады да, өзгеріссіз қалдырады.
83-бапты қарасаңыз, функционалдық аумақ туралы. Тау бөктері көшкін жүруі мүмкін орын ретінде қаншама рет ескертілген. Ескі заңнан ол да көшірілген. Ескі заңдағы лоббистерді қорғайтын нормалар жаңа кодекске көшірілген. Бітті, – дейді ол.
Базарбек сонымен қатар, кодекстің 84-бабы да, 86-бабы да өзгеріссіз көшірілгенін сынады.
– Таяуда көшкіннің салдарынан бір отбасы Алматыда көз жұмды. Сол үйлер тұрған аумақ жалпы қоғамдық орын саналатын. Қоғамдық орындарда құрылыс жүргізбейтін шығар деп ғылыми орта үміттенген. 86-бап болса құрылысшылардың мүддесі үшін қалып отыр. 87 бапта рекрациялық аймақтар туралы айтылады. Құрылысшылар рекреациялық аумақтарды отап, үй салады. 87-бап сол күйі көшірілген. Мұндай заңды оныншы сыныптың оқушысы да жаза алады, бірінші курс студенті дейікші жарайды. Бұл реферат, – дейді ол.
Осылай бірнеше рет мысал келтірген Бақытжан Базарбек ақыры, бұл “заң жобасы – заң емес, 200 беттік ақ қағаз” деп баға берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін палатаның жалпы отырысы кезінде депутат Нұртай Сәбилянов құрылыс кодексінің және оған ілеспе заң жобасының жобасы мемлекет басшысының жолдауын іске асыру мақсатында әзірленгенін мәлімдеген еді. Мәжілісмен заң жобасында құрылыс сапасын арттыру, сондай-ақ сейсмикалық аймақтарды жобалау ерекшеліктерін регламенттеу, сондай-ақ объектілерді пайдаланудың кепілдік мерзімін 2 жылдан 5 жылға дейін ұлғайту көзделіп отырғанын атап өтті.