Мәжілісте құрылыс кодексі қызу талқыланып, жекелеген нормаларды депутаттар сынап, тіпті кейбірі құжатты іске алғысыз деңгейде екенін мәлім етті. Мәжілісмен Болатбек Әлиев те кодекс жобасында құрылыс саласын бақылауда мемлекеттің рөлі басым екенін атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлиев VS Қарағойшин
Құрылыс кодексінің жобасын мәжілісте өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин қорғаған. Ол сөз арасында сұрақ қойған Болатбек Әлиевпен айтысып қалды. Депутаттың сауалы ұнамай қалса керек.
– Бірыңғай порталдың батырмасын бақылап отырып, сараптаманы бақылай алмайсыздар. Бірақ оларға аттестатты өздеріңіз бересіздер. Олардың бәрін құрылыс кодексі шеңберінде бір жерге топтастырғыларыңыз келіп отыр. Мұндай қатаң жағдайда жемқорлық қаупіне қаншалықты тосқауыл қоя аласыздар? Түркиядағы зілзаладан кейін Мемлекеттік сараптама арқылы мемлекеттік бақылауды күшейту керек деген тоқтамға келдіңіздер. Бес қабатқа дейінгі үйлерге сараптаманы жеке компаниялар жүргізе алады. Егер мемлекеттік сараптаманы күшейтсеңіздер, жемқорлыққа мұндайда қалай шектеу қоясыздар? – деп сұрады Әлиев екінші қайтара.
Бұл сұраққа жауап берген вице-министр “Қарағойшин осының бәрін ұйымдастырды” деген сұрақ “дұрыс емес” екенін айтқан. Осы кезде Әлиев сөзді бөліп, “менің сұрағыма баға беретін сізде құқық жоқ” деп ашуланды. Қарағойшин “менің жеке тұлға ретінде қақым бар” деп ашуға басты.
– Сөзімді бөлмеңіз. Электронды портал туралы айтайын. Жеке сараптама ұйымдарының өзіндік ақпараттық жүйесі бар. Мемлекеттік орган мен олардың құзыретіне араласа алмаймын. Бұл заңда қарастырылған. Қазір үкіметтен бізге визуалды түрде бағаны белгілеу міндеті қойылды. Егер бір жерде үй құлап қалса, зерттеу жүргіземіз. Ол зерттеуді нақты меморгандарға жүктейміз. Жеке сараптамаларды жеке палатаға жолдаймыз. Олар да мемлекеттік сараптама секілді қылмыстық жауаптылықта болуы керек. Олардың да палатасы бар, бірақ нақты әрекеті жоқ, – дейді Қарағойшин.
“Баланс сақталмай тұр”
Кулуарға шыққаннан кейін Әлиев кәсіпте жүрген адамдардың да мүддесін қорғалуы керектігін айтып қалды.
– Бұл жерде баланс сақталмай тұр. Мемлекеттік орган өзінің құзыретін күшейтсе дұрыс есептейді. Бұлардың беріп жатқан статистикасы – осыншама жекеменшік сараптама жасайтын мекеме осыншама заңсыз немесе кемшілік жасады деп қорытынды беріп жатыр. Ал соның бәріне лицензия мен аккредитацияны кім беріп отыр? Ол порталды батырманы басып, дұрыс, бұрыстығын кім қарап отыр? Мемлекеттік орган! Сондықтан, өзінің мүддесін күшейтіп, алдыңғы тетіктерді қайта қосып, өз әлсіздігін (өнеркәсіп және құрылыс министрлігі) көрсетіп отыр, – дейді Әлиев.
Депутаттың сөзінше, мемлекеттік сараптаманың монополиясы бұрыннан күшті.
– Мысалы, олардың айтып отырғаны 100 пайыз сараптаманың 80 пайызын жеке меншікке, 20 пайызын мемлекет сараптамасы етейік дейді. 20 мен 80 пайыз сараптаманың салмағын салыстыруға келмейді. Өйткені барлық қаржы 20 пайызда. Мектеп, аурухана, жол, көпір, үлкен ғимараттың бәріне сараптаманы мемлекеттік сараптама жасайды. Меніңше, бұл жерде баланс болуы керек, – дейді Әлиев.
Мұның алдында депутат Бақытжан Базарбек өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеген құрылыс кодексінің жобасын қатаң сынға алған болатын.