Қазақстан мен Марокко сотталған азаматтармен алмасуға келісті. Сенат жаңа келісімді ратификациялап, қылмыскерлерді беру және құқықтық көмек көрсету тетіктерін бекітті. Қазір түрлі елдерде 900-ден астам қазақстандық жазасын өтеп жатыр, олардың кейбірі елге қайтудан бас тартқан.
ҚАЗАҚСТАН МЕН МАРОККО СОТТАЛҒАН АЗАМАТТАРМЕН АЛМАСАДЫ
Сенат депутаттары Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы қылмыскерлерді беру және өзара құқықтық көмек көрсету жөніндегі келісімді ратификациялады. Құжаттың мақсаты – екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, қылмыспен күрес саласында тиімді өзара көмек көрсету.
Заң жобасында қылмыс жасаған адамдарды жазадан бұлтармау қағидатын қамтамасыз ету көзделген. Келісім экстрадициялау тәртібін, сот үкімін орындау мақсатында сотталғандарды қайтару механизмін, сондай-ақ саяси сипаттағы немесе өлім жазасы көзделген істер бойынша экстрадициядан бас тарту жағдайларын реттейді.
Елге қайтқысы келмейтін сотталушылар бар ма?
Бас прокуратураның мәліметінше, бүгінде 958 қазақстандық азамат түрлі елдерде жазасын өтеп жатыр. Оның 700-ден астамы Ресейдің түрмелерінде жатыр. Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, кейбір қазақстандықтар өз еркімен елге қайтудан бас тартады.
- Шетелден сотталғандарды қайтару үшін олардың жазбаша келісімі қажет. Егер ондай келісім болмаса, біз ол азаматты Қазақстанға қайтара алмаймыз. Көпшілігі Ресейде жазасын өтеуді қалайды, себебі олардың отбасы, туыстары сол жақта тұрады, – деді Қойгелдиев.
Сенатор Геннадий Шиповскихтің айтуынша, Қазақстан бүгінде 50-ге жуық мемлекетпен өзара құқықтық көмек және сотталғандарды қайтару туралы келісімдер жасаған.
- Егер азамат шетелде жазасын өтеп жатса, оны елге қайтару үшін елшілікке өтініш жазуы керек. Бұл жұмыс біз үшін маңызды. Қазір осындай келісімдер 50-ден астам елмен орнатылған. Бұл еліміздің конституциялық қағидаттарын сақтауға және халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталған, – деді сенатор.
5 ЖЫЛДА 160 АДАМ ЕЛГЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ
Бас прокуратура дерегінше, соңғы 5 жылда 160 қазақстандық өз еліне экстрадицияланып, жазасын Қазақстан аумағында өтеуге кіріскен. Мұндай мүмкіндіктер 25 мемлекетпен жасалған халықаралық шарттардың негізінде жүзеге асқан.
2025 жылы Сенат Мароккомен сотталғандарды беру және экстрадициялау туралы келісімді ратификациялады. Бұл құжатқа сәйкес, Мароккода сотталған қазақстандықтар елге қайтып, жазасын отанында өтеуге өтініш бере алады.
ІРІ ІСТЕР МЕН ЭКСТРАДИЦИЯ МЫСАЛДАРЫ
Сенат кулуарында Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевке журналистер бірнеше резонансты істерге қатысты сұрақ қойды. Әңгіме елден кеткен ірі саяси тұлғалар, сондай-ақ Қытайда өмір бойына сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі жайлы өрбіді.
Cыбайлас жемқорлық фактілері бойынша іс қозғалған бұрынғы Бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов Германияда ұсталып, қазіргі уақытта экстрадициялық қамауда отыр.
- Ол 2019 жылдан бері іздеуде болған. Қазір Германия тарапынан бас тарту туралы ақпарат түскен жоқ. Экстрадиция процесі басталды, – деді Ғалымжан Қойгелдиев Сенат кулуарында.
Бұған дейін кейбір БАҚ-та ол саяси баспана сұрауы мүмкін деген хабар тараған еді, алайда прокуратура бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Сондай ақ, бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алайда оның қазіргі мекенжайы белгісіз. Сенат кулуарында Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев журналистердің «Қайрат Қожамжаров Ресей азаматтығын алды ма?» деген сұрағына нақты жауап бермеді.
– Бұл сұрақ осымен 5-ші рет қойылып жатыр. Тағы айтамын, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Соның нәтижесін күтейік, барлығы сол кезде анықталады. Оның қайда екені де тергеу барысында белгілі болады, – деді ол.
Сенат кулуарында журналистер Ақжарқын Тұрлыбай ісіне қатысты сұрақ қойды. Қазақстан тарапы оның ісіне байланысты Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортунды экстрадициялауға күш салып жатқанын айтты.
- Біз бұл істі бақылауда ұстап отырмыз және оның экстрадициясы үшін барлық заңды тетіктерді қолданамыз. Интерпол іздеу жариялап, орналасқан жері анықталған соң экстрадиция рәсімі басталады, – деді Қойгелдиев.
Депутаттар бұл істің күрделі екенін еске салды.