×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Депутаттар Бектеновті олигархтардың мүддесін қорғауды тыюға шақырды

14.02.2024, 10:31
Депутаттар Бектеновті олигархтардың мүддесін қорғауды тыюға шақырды
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, ұлттық буржуазияны қалыптастыратын уақыт жетті деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Депутат не дейді?

Сайыров ұлттық бизнес – жеке дара адамдардың қолында емес, ал жаппай халықтың игілінде болуы тиіс дейді. Айтуынша, адал әрі әділетті – ұлттық буржуазияны қалыптастыратын уақыт жетті. 

– Бұл мемлекеттік саясатқа айналуы тиіс! Осы тұрғыда, жаңа үкіметтің алдындағы басты міндет – елдің, дүйім жұрттың экономикалық белсенділігін арттыру. Халықтың бизнеске, кәсіпке деген қызығушылығын еселеп күшейту. Өйткені, бізде әлі күнге дейін бизнесте, жер байлығын игеруде де монополия бар екені анық. Оған дәлел, еліміздің негізгі экономикалық көрсеткіштері 10-компанияның еншісінде, ал ірі салық төлейтіндердің саны одан да аз, – дейді ол.

Сайыровтың сөзінше, еліміздегі 300 мыңға жуық жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтасыз етуші 2 миллионнан астам азаматтардың басым көпшілігін бизнес кеңістігіне тарту қажет. «Біз кәсіпкерлік әлеуеті терең ұлтқа айналуымыз қажет! Материалдық құндылықтарды үнемі жасауға қабілетті ұлттар ғана қарышты даму бағытына түсе алады» деп ұрандайды депутат.

Ерлан Сайыров Қазақстан азаматтарының экономикалық белсенділігін арттыру үшін бизнесті жаңа ашқан тұлғаларға арзандатылған несие, жер игеруге жеңілдік, өндірістік технологияларға қолжетімділік жүйесін жасау маңызды екенін атап өтеді.

Талап қандай?

– Ескі Қазақстан тұсында, ат төбеліндей топ еліміздің шикізат, қаржы саласына эксплуатация жасап, мемлекеттің жол, темір жолы, коммуникация саласындағы ірі мемлекеттік тендерлерге жөн-жосықсыз ие болып отырған. Қазақстан азаматтары олигархтардың кесірінен «мүмкіндіктер теңсіздігіне» ұшырап отыр. Осы үрдісті тоқтату керек! Мұндай құбылыс еліміздің экономикалық тыныс-тіршілігіне үлес қосып, кәсіпкерліктпен айналысқысы келетін мыңдаған қарапайым азаматтарға өз потенциалын көрсетуге мүмкіндік бермейді. Назарбаевтың тұсында қара нарық пен көлеңкелі схемалар арқылы олигарх болғандардың орнына, халық мүддесін ұмытпайтын «ұлттық бурзуазияны» қалыптастыратын уақыт жетті, - дейді ол.

Осы себепті депутатттар үкімет басшысынан: 

  • өткен жүйеден мұра болып қалған олигархтардың экономикалық мүддесін қорғауды тыю мен оларға лобби жасаушы топтарға тоқтау салуды; 
  • ірі тендерлердің әділетті, ашық, жаңа буын бизнесмендердің потенциалын арттыруға бағыттауды;
  • халықта жаппай бизнес дағды қалыптастыру үшін мемлекет саясатын бұру, аудандық, облыстық деңгейде тегін бизнес дағды үйрету курстарын ашып, бизнес ашатын азаматтарға мемлекеттік арзандатылған кредит, жер беру мәселелерін шешуді ұсынады.