Павлодар облысындағы Aqtogai Milk және «Ақтоғай-АГРО» ЖШС қызметкерлері Президентке видеоүндеу жасады. Олар фермадағы алты жұмысшының қазасынан кейін қамауға алынған кәсіпорындардың иесі, облыстық мәслихат депутаты Александр Терентьевке қатысты бұлтартпас шараны жеңілдетуді сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Қызметкерлердің айтуынша, егін жинау науқаны қызған кезде екі кәсіпорын да басшысыз қалған. Фермаларда ауылдың 600-ден астам тұрғыны еңбек етеді. Компаниялар 15 мың гектар жерді өңдеп, екі мың сауынды сиыр ұстайды. Сонымен қатар іске қосылу кезеңінде екі инвестициялық жоба бар.
— Кәсіпорынның жұмысын жалғастыруына, жұмыс орындарын сақтауға және басталған инвестициялық жобаларды аяқтауға мүмкіндік беруді сұраймыз. Бұл ретте қайғылы оқиғаның объективті тергелуіне кедергі келтірмеу керек, — делінген үндеуде.
Жұмысшылардың пікірінше, Терентьевті қамауда ұстамай-ақ тергеу әрекеттерін жүргізуге болады.
Не болды?
20 шілдеде Жоламан ауылындағы Aqtogai Milk сүт фермасында жеті жұмысшы электр сорғысын жөндеу үшін кәріз құдығына түскен. Олардың алтауы күкіртсутекпен уланып қаза тапты. Қаза болғандардың арасында 17 және 20 жастағы екі ұлы бар әке де болды. Аман қалған жалғыз жұмысшы ауруханаға жеткізілді.
Үкіметтік комиссия жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз деп таныды. Жұмысшыларға қауіпсіздік талаптары бойынша тиісті оқыту жүргізілмеген, жеке қорғаныс құралдары берілмеген және апат болған жағдайда құтқару жұмыстарын ұйымдастыру үшін қажетті жағдай жасалмаған.
Контекст
Еске салайық, қайғылы оқиғадан кейін Терентьев қаза тапқандардың отбасыларына көмектесуге уәде берген. Ол материалдық көмек көрсетуді, жыл соңына дейін жалақыларын сақтауды және несиелерін өтеуді айтқан. Сондай-ақ компания қаза болған жұмысшылардың кәмелетке толмаған балаларының күтімі мен оқу шығындарын өз мойнына алған.