×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Бас прокуратура «Самат Әбіш қайда» деген сұраққа жауап берді

28.02.2024, 12:18
Бас прокуратура «Самат Әбіш қайда» деген сұраққа жауап берді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің ісі жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

– Мен бұл іс сотта екенін білем. Ал оның қайда, не істеп жүргенін... Ол Қазақстанда. Тергеу кезінде ол "ешқайда кетпеу жөнінде қолхатпен" жүрген. Бұдан әрі айта алмаймын, өйткені бұл іске менің де рұқсатым жоқ", - деді Әсет Шындалиев Мәжіліс кулуарында.

Бұған дейін тергеу қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған, билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша жүргізілгені хабарланған еді. Іс сотқа жіберілген.

Самат Әбіш Қазақстаннан ешқайда шықпау жөнінде қолхатпен жүр. Қылмыстық істе мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер болғандықтан, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің деректері жарияға жатпайтыны хабарланады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбішті бұлтартпау шарасы әлі өзгертілмегенін айтқан еді.

Ысқақовтың мәлімдемесі

Былтыр қыркүйекте бас прокуратураның арнайы прокурорлары Самат Әбішке қатысты «Қаңтар оқиғалары» кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқанын хабарлаған еді. Ол тұста құзырлы орган “тергеу құпия құжаттаманың едәуір көлемін зерделеумен байланысты” деп мәлімет таратқан.

Көп өтпей ұлттық қауіпсіздік комитетінің 5-ші департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов Қаңтар оқиғасы кезінде өзіне Самат Әбіштің бұйрық бергенін мәлімдеді. Полковник Ысқақов өзінен жауап алғаннан кейін бір жарым жылдан соң оның жауаптары құпияландырылғанын айтты. Жауаптарының құпияландырылуын Руслан Ысқақов Самат Әбіштің рөлін жасырып қалу үшін жасалғанын атап өтті.

Былтыр Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік желіге тараған суретте Самат Әбіш те көрінген.