×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Ақша да жоқ, мал да жоқ»: шетел компаниялары қазақ фермерлерін қалай «лақтырды»

14.03.2024, 12:54
«Ақша да жоқ, мал да жоқ»: шетел компаниялары қазақ фермерлерін қалай «лақтырды»
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжілісте шетелдік инвестицияларды тарту мәселелері талқыланған. Отырыста сөз алған төменгі палатаның аграрлық комитетінің мүшесі Нұржан Әшімбетов Қазақстанның фермерлерін алдап кететін инвесторлар жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

2 млрд теңге қайтарылған жоқ

«Бізде осыдан бірнеше жыл бұрын ет шаруашылығын дамыту бағдарламасы іске қосылып, сол бағытта мемлекеттен көп қаражат бөлінді. Сол бағдарлама шеңберінде шетелден асыл тұқымды ірі қараны әкелу жоспарланған. Кейбір шаруашылықтар жақсы жұмыс істеді-ақ, бірақ 2020 жылы Ресейдің Татарстанынан «Комагро» деген компания біздің ауыл шаруашылығы министрлігіне келіп, фермерлерді жинап, асыл тұқымды малды әкелеміз деп уәде берді. Фермерлер алдын ала төлем жасаған. Енді содан бері фермерлер ақшасын қайтара алмай жүр. Себебі компания жабылып қалған. Ақша сонымен кетті, – дейді депутат.

Оның айтуынша, сома 2 млрд теңге қаражат туралы болып отыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен мал шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерінің ақшасы қайтпаған. Ал Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі Татарстан билігімен байланысып, ішкі істер министрлігімен жұмыс істеген. 2020 жылы фермерлерге несие берген қаржы институттары (ол кезде Қазагро болған) 2023 жылға дейін қарызды өтеу мүмкіндігін берген. Алайда 2024 жылы келіп, фермерлерден ақшаны қайтару жөнінде талап қойыла бастаған. Мәселе шешімін таппай келеді.

Германия компаниясына алданғандар да бар

Нұржан Әшімбетов 2022 жылы тағы да осындай жағдай қайталанғанын айтады. Оның сөзінше, қазақстандық “Агрогенетикс” деген оператор компания (Қостанай) шетелден асыл тұқымды мал әкелеміз деп фермерлерді жинаған. Қостанайға германиялық компания бір-екі партия мал алып келген. Содан кейін Павлодарда кездесу өткізіп, фермерлер несие алып, 100 пайыз алдын ала төлемін жасап, германиялық компания арқылы олар да мал алғызбақ болады. Алайда сома жөнелтілгенімен, мал жеткізілмеген.

– Қазір Агрогенетикс фермерлерге 120 млн теңге қарыз деген сот шешімі бар. Бірақ Агрогенетикс өз кезегінде немістің “Лукас” компаниясына аударғанбыз деп, мәлімет беріп отыр. Агрогенетикс пен Лукас арасында сот шешімі бар. Лукас оларға берешек. Бірақ Лукасқа ешкімнің қолы жетпей жатыр. Арызданушы фермерлер мәжіліске келді. Бас прокуратураға былтыр желтоқсанда хат жазып, фермерлерге көмектесейік, Германияның компаниясын тауып алайық дестік. Ал фермерлер несие алған кезде өздерінің мүлкін кепілдікке салған ғой. Мүліктердің бәрі тәркіленуі мүмкін. Фермерлер де банкрот болып отыр, , – дейді депутат.

Бас прокуратураның депутаттарға берген жауабы бар. Құзырлы орган іске сыртқы істер министрлігі бастаған бірқатар ведомствоны қосып, іске кіріскен. Бірақ үш айдан бері ештеңе өзгермеген.