×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

«Қазақ тілін қолдау мен ЛГБТ-ға қарсылық»: депутат Масс-медиа туралы заңды неге қолдамағанын айтты

17.04.2024, 15:29
«Қазақ тілін қолдау мен ЛГБТ-ға қарсылық»: депутат Масс-медиа туралы заңды неге қолдамағанын айтты
Коллаж: ulysmedia.kz.

Депутат Еділ Жаңбыршин Мәжілістен Сенатқа жолданған Масс-медиа туралы заң жобасын неге қолдамағанын айтып берді. Ол – 85 депутаттың ішінде құжатты қолдап дауыс бермеген екі депутаттың бірі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

85 депутаттың екеуі ғана қарсы

Еске сала кетейік, бүгін Мәжіліс депутаттары журналистер ортасында қызу талқыланған Масс-медиа туралы заң жобасын Сенатқа жолдаған болатын. Заң жобасын Сенатқа жіберуге екі депутат – Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев қарсы болған.

Мәжіліс кулуарында Еділ Жаңбыршин не себепті заң жобасын қолдап дауыс бермегенін айтты. Журналистер “ЛГБТ-ны насихаттауға қарсы болғандарыңызды қабылдамағаны үшін қолдамадыңыз ба?” деп сұраған.

– Басқа да мәселелер бар енді. Біреуі сол. Екіншіден, біз тілге байланысты мәселелерді көтергенбіз. Ол нормамыз да өтпей қалды. Қазақ тілді контент үшін Мұсабаев екеуміз 80 пайыз сұрағанбыз. Оны да кіргізбей тастады. Сондықтан, біз қарсы болдық, – деді Еділ Жаңбыршин.

Қазақ тіліндегі контент үлесі

Масс-медиа туралы заң жобасы бойынша депутаттар бірқатар өзгеріс енгізген. Соның бірі – мемлекеттік тілдегі теле-радио бағдарламаларды тарату және отандық контент көлемі бойынша талаптарды 2025 жылдан бастап – 55 пайызға, 2027 жылдан бастап теле-радибағдарламалардың жалпы көлемін 60 пайызға ұлғайту болған. Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев бұл үлес 80 пайыз болу керек деген ұстанымда.

ЛГБТ насихаты үшін жазалау ұсынысы

Аталған заң жобасын талқылау барысында Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев қылмыстық кодекстің 174-бабының «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру» деген бірінші бөлігін өзгертуді ұсынған еді. Олар «әлеуметтік алауыздықты, оның ішінде дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттау арқылы қоздыру» сөздерімен толықтыруды ұсынған. Алайда ол норма да Сенатқа кеткен құжатқа енгізілмеген.

Шу болған Масс-медиа туралы заң жобасы

2023 жылдың соңында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистер ортасында қызу талқыға түскен «Масс-медиа туралы» туралы заң жобасын мәжілісте қорғап, депутаттар құжатты бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Десе де, сала сарапшыларының, медиа мамандардың құжатқа көңілі толмайды. Мәселен, Internews халықаралық ұйымының заңгері Ольга Диденко медиа-бірлестіктің көп ұсынысының құжатқа енбей қалғанын айтады.

Диденконың айтуынша, ең бірінші талап – баспасөз картасына байланысты нормалардың бәрін алып тастау болған. Сонымен қатар, журналистерді аккредиттеу тәртібін жеңілдету ұсынылған. Ольга Диденконың сөзінше, аккредитация дәл қазір институт ретінде жұмыс істемейді. Ал жұмыс істеген жерінде әрдайым проблема туындайды. Аккредитациясы бар журналистердің өзі ақпараттың бәріне қол жеткізіп отырған жоқ. Жарияланған материалдың ескіру мерзімін қысқартуға назар аударады.

Депутат Анас Баққожаев пен Никита Шаталовтың да Қазақстанда аккредитация алмаған шетел ақпарат құралдарының қызметіне тыйым салу жөнінде ұсынысы қызу талқыланған.