Астана полиция департаменті бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін қарайтын судья Айжан Құлбаеваға жасалған қоқан-лоққы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Ақпаратты Қазақстанның Жоғарғы соты таратт, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жоғарғы сот не дейді?
Жоғарғы сот Бишімбаев пен Байжановтың ісі бойынша судья Құлбаеваға қатысты қорқыту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлайды.
- Судьяның ұялы телефонына белгісіз нөмірден қоңыраулар мен қорқыту хабарламалары түскен. Қылмыстық кодекстің 407-бабының 1-бөлігі (Сот төрелiгiн жүзеге асыруға кедергi жасау мақсатында соттың қызметiне араласу) бойынша сотқа дейінгі Іс жүргізу басталды. Судья, жеке қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілді, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, интернет кеңістігінде жүргізілген мониторинг барысында судьяға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекеттері бар көптеген жағымсыз жарияланымдар анықталған. Тексеру іс-шараларының нәтижелері бойынша тергеу органы Қылмыстық кодекстің 411-бабының 1-бөлігі (Судьяға жала жабу) бойынша қылмыстық іс қозғаған.
- Заң кез келген адамға сот төрелігін жүзеге асыру процесіне, оның ішінде судьяның атына жала жабу немесе қорқыту сипатындағы материалдарды жариялау жолымен, ықпал етуге тыйым салатынын ескертеміз, – дейді Жоғарғы соттан.
Бишімбаевтың ісі
Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды. Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.
Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.
12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.
4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді.
Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді.
Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.