Осы сұрақты журналистер үкіметтің баспасөз орталығында министр Шыңғыс Әріновтың орынбасары Бауыржан Сыздықовқа қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Ұят болады”
Журналистер “министр БАҚ өкілдерінен және жауапкершіліктен қашып жүрген жоқ па?” деп сұраған. Сыздықов елдің батысында өте күрделі жағдай сақталып тұрғанын айтады.
– Премьер-министрдің тікелей тапсырмасы бойынша қазір төтенше жағдайлар министрі Атырау мен Батыс Қазақстан облысының елдімекендерінде жүр. Өзінің жеке құрамымен, халықпен су тасудың зардабын төмендетсек деп жүр. “Жауапкершіліктен қашып жатыр” деп айту ұят болады, – дейді ол.
Бауыржан Сыздықов жағдайдың бәрі қалпына келгеннен кейін БАҚ алдына шығатынын айтады.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, елде бірнеше күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.
Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.
Халыққа қосымша тағы қандай көмек беріледі
Премьер-министр Олжас Бектеновтың айтуынша, қазір жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында қауіптің беті қайтқан. Өте күрделі ахуал қалыптасқан Петропавл және Құлсары қалаларында су тартыла бастаған.
«Үкіметте, Төтенше жағдайлар министрлігінде, өңірлерде жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Проблемалардың барлығы жергілікті жерлерде жедел қаралып, шұғыл шешімдер қабылданды. Өткен аптада залалды өтеу жұмыстары басталып кетті. Зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу тәртібіне түзетулер бекітілді. Кеше мен тиісті қаулыға қой қойдым», - дейді ол.
Бектеновтың сөзінше, бүгінге дейін 11 мыңға жуық отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем алған. Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана дейді ол. Бектеновтың айтуынша, оған қосымша тағы 150 айлық есептік көрсеткішке дейін төленеді. Оған адамдар тоңазытқыш, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезектегі қажетті заттарды сатып ала алады. Сондай-ақ кәсіпкерлердің шығындары өтеледі.