Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері бірнеше күн бойы су басқан үйінде қалып қойған ер адамды құтқарып, қауіпсіз жерге орналастырды, деп жазады Ulysmedia.kz.
Үйлерін тастап кеткен тұрғындар мүліктеріне алаңдайтыны анық. Бұл ретте, БҚО полиция департаментінің басшылығы су басқан саяжайларды дронның көмегімен көруге болатынын, сондай-ақ, полиция және ТЖД қызметкерлерімен келісім бойынша тұрғындар қайықпен бірге жүзіп барып, өз үйлерін тексеру мүмкіндігі бар екенін жеткізді.
Сондай сәттердің бірінде тәртіп сақшылары саяжайда тұрып жатқан ер адамды байқап қалған. Су басқан үйінде бірнеше күн өмір сүрген еркек қауіпсіз жерге көшірілді.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Оралда Жайықтың су деңгейі қауіпті шектен асып кеткенін жазған едік.