Алматы қаласының Алмалы аудандық соты қоғам белсендісі әрі блогер Санжар Боқаевқа үкім шығарды. Ол орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сот шешімі
Боқаевқа бұдан бөлек, БАҚ-та сөз сөйлеуге, пікірсайыстарға қатысуға және түсініктеме беруге тыйым салды. Оның жиені Мадияр Қалменов алты жыл алты айға бас бостандығынан айырылды. Ал видеограф Ұлан Нүсіпқожаға екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
26 қарашада өткен жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы Санжар Боқаевты 12 жылға, Қалменовті жеті жылға соттауды сұраған. Ал Нүсіпқожаға 2,5 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды өтінген.
Бокаевқа қандай айып тағылды?
Қоғам белсендісі әрі блогер Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша айыпталды. Олардың қатарында алаяқтық, ақшаны жылыстату, ұрлық, көрінеу жалған ақпарат тарату және ағаштарды заңсыз кесу баптары бар.
Айыптау нұсқасы бойынша, Боқаев пен Қалменов автокеруен шығындарын әдейі қымбат көрсетіп, кәсіподақтың 42 миллион теңгеден астам қаражатын иемденген.
Бұдан бөлек, прокуратура Боқаев пен Нүсіпқожа әлеуметтік желіге заңбұзушылықтар туралы бейнеролик түсіру үшін Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан гранит тақталарды әкетуді және Баум тоғайындағы ағаштарды кесуді өздері ұйымдастырған деп есептеді.
Видеограф қазан айында кінәсін мойындап, бұрынғы жұмыс берушісіне қарсы жауап берген.
Бұған дейін сот қорғау тарапы негізгі куәгер деп атаған бригадир Ахлиддин Хамракуловты жауапқа тартудан бас тартқан еді. Прокуратураның мәлімдеуінше, ол сот отырысы алдында айыпталушылардың туыстарымен және адвокаттарымен сөйлескен.
Осыдан кейін қорғаушылар судьяға қарсылық білдіріп, наразылық ретінде сот залынан шығып кеткен.
Санжар Боқаев 2026 жылғы 18 наурыздан бері қамауда отыр. Сот процесі 16 қазанда басталды.