×
$
458.85
€
503.5
₽
5.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
458.85
€
503.5
₽
5.59

ҚазҰУ-дағы екі студенттің өлімі: Түймебаев қалай мығым отыр және Мәмидің бұған не қатысы бар

Бүгін, 16:35
ҚазҰУ-дағы екі студенттің өлімі: Түймебаев қалай мығым отыр және Мәмидің бұған не қатысы бар
Ulysmedia.kz коллажы

Он күн ішінде бірінші курста оқитын екі бірдей студентінің көз жұмуы, жатақханадағы әлімжеттік туралы әңгімелер елдегі ең көне әрі танымал жоғары оқу орындарының бірі саналатын университетке қоғам назарын еріксіз аударды. Оқу орнында шын мәнінде не болып жатыр деген сұрақ көпті ойландыра бастады. Сондай-ақ университет басшылығы студенттердің жағдайынан қаншалықты хабардар деген сауалдың тууы заңды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы қайғылы оқиғалардан кейін проректор мен декан қызметінен босатылды. Ал университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың жауапкершілігі қандай? Өйткені оқу орнына тікелей өзі басшылық етеді. Университеттің директорлар кеңесі де бар. Оның төрағасы Қазақстан Жоғарғы сотының бұрынғы төрағасы Қайрат Мәми екені белгілі болды.

Ulysmedia.kz редакциясы ректордың неге әлі қызметінде отырғанын және директорлар кеңесінің университетті басқарудағы рөлін анықтау үшін Ғылым министрлігіне сауал жолдады. Сондай-ақ ведомство жариялаған кешенді тексерудің қалай жүріп жатқанын сұрады.

Ректордың жауапкершілігі

Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-ды 2021 жылғы ақпаннан бері басқарып келеді. Осы уақыт ішінде университет түрлі дауға ұшырады. Студент қыздардың жеке және медициналық деректері тарап кетті, оқытушылармен даулар болды. Енді оған студенттердің қаза болуы қосылды.

Әр қайғылы оқиғаның мән-жайын тергеу анықтауы тиіс. Алайда қылмыстық жауапкершілік пен университетті басқаруға қатысты жауапкершіліктің екі бөлек мәселе екенін ескерген жөн. Біз Ғылым министрлігінен ректордың өкілеттігі қандай жағдайда мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін екенін сұрадық.

– Еңбек қатынастарын мерзімінен бұрын тоқтатуға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында және жасалған еңбек шартында көзделген негіздер болған жағдайда, белгіленген тәртіпті сақтай отырып жол беріледі. Қазақстан Республикасының заңнамасы мен университет жарғысына сәйкес, Басқарма төрағасы – ректорды сайлау (тағайындау) және оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселелері жалғыз акционердің құзыретіне жатады.

Басқарма төрағасы – ректорға қатысты кадрлық шешімдер оның қызмет нәтижелерін, жоғары оқу орындарының стратегиялық даму жоспарларын іске асыру жөніндегі негізгі тиімділік көрсеткіштерін (KPI) орындауын, білім беру қызметінің сапасын, ғылыми әлеуетін және түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштерін ескере отырып қабылданады, – деп түсіндірді министрлік.

Бір қызығы, аталған өлшемдердің арасында студенттердің қауіпсіздігі жоқ. Ал ҚазҰУ-де білім алып жатқан балалардың ата-аналарын бүгінде ең алдымен осы мәселе алаңдатып отыр.

Университетті ректор ғана басқармайды

Университетте болып жатқан жағдайды талқылағанда жұртшылық көбіне Түймебаевтың тұлғасына назар аударады. Алайда ҚазҰУ-дың басқару құрылымында директорлар кеңесі де бар екенін ескерген жөн.

ҚазҰУ сайтының скриншоты.

Ғылым министрлігі директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми екенін растады.

– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ директорлар кеңесінің төрағасы – Қайрат Әбдіразақұлы Мәми. «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы заңының 56-бабының 1-тармағына сәйкес, директорлар кеңесінің төрағасы кеңес мүшелерінің арасынан жалпы құрамының басым дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайланады, – делінген жауапта.

Біз директорлар кеңесі ректорды қызметінен босату мәселесін көтере ала ма деп сұрадық. Министрлік «Акционерлік қоғамдар туралы» заң мен ҚазҰУ жарғысына сілтеме жасап, кеңестің өкілеттігі сол құжаттарда белгіленгенін айтты. Ал ректорды қызметінен босату туралы шешімді университеттің жалғыз акционері қабылдайды.

Белгілі болғандай, университеттің жалғыз акционері – Ғылым министрлігінің өзі.

Қалыптасқан жағдайдағы директорлар кеңесінің рөлі де маңызды. Егер әр жылдары университетті бітірген түлектер айтып жүрген жатақханадағы әлімжеттік жүйелі сипатта болған болса, оқу орны әкімшілігінің жұмысы қалай бақыланғанын анықтау қажет.

Үлкен саясаттан – ҚазҰУ басшылығына

Мәми мен Түймебаевты қазіргі қызметтері ғана байланыстырып тұрған жоқ. Екеуі де ҚазҰУ түлегі. Университетте шамамен бір кезеңде, бірақ әртүрлі факультетте оқыған. Түймебаев филология, ал Мәми заң факультетін тәмамдаған. Жылдар өте келе олардың мансап жолы түйісті. 1999–2000 жылдары екеуі де Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент әкімшілігінде жұмыс істеді. Мәми аппарат басшысының орынбасары болса, Түймебаев президенттік хаттаманы басқарды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы» академиялық курсының таныстырылымы. 2023 жылғы мамыр. Фото: ҚазҰУ баспасөз қызметі. Солдан оңға қарай: Жансейіт Түймебаев, Эльвира Әзімова, Қайрат Мәми.

Бүгінде Жансейіт Түймебаев 68 жаста. Өз университетіне оралғанға дейін Қазақстанның Ресей мен Түркиядағы елшісі, Білім және ғылым министрі, Оңтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының әкімі қызметтерін атқарған. Президент әкімшілігіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметінен кейін 2021 жылғы ақпанда ҚазҰУ ректоры болып тағайындалды.

72 жастағы Қайрат Мәмидің де мемлекеттік қызметтегі жолы айтарлықтай ұзақ. Ол Жоғарғы сотты екі рет басқарған, Бас прокурор және Сенат төрағасы болған. 2022 жылғы желтоқсанға дейін Конституциялық кеңесті басқарды. Мәми мемлекеттік қызметте жүрген кезінде де өзі түлеп ұшқан университетпен байланысын үзген жоқ. 2009 жылы ҚазҰУ түлектері қауымдастығының президенті болып сайланған. Көріп отырғанымыздай, университеттің қос басшысының да жоғары мемлекеттік қызметте көп жылдық тәжірибесі бар.

Қайғылы оқиғалардан кейін жатақханаларда не өзгерді?

Енді студенттердің қазасынан кейін университетте тексеру қалай жүріп жатқанына тоқталайық.

Бір аптадан сәл астам уақыт бұрын Ғылым министрлігі ҚазҰУ-да кешенді тексеру жүргізуді жоспарлап отырғанын хабарлаған еді. Ведомство студенттер қалашығындағы жұмыс туралы редакцияға кейбір мәліметтерді ұсынды: Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы ведомствоаралық топ құрған. Оның құрамына полиция қызметкерлері, соның ішінде криминалдық полиция мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының өкілдері, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының мамандары, министрлік өкілдері және кәсіби психологтар кірген. 17–20 қараша аралығында топ университет жатақханаларын аралап, студенттермен және декандармен кездескен.

– Студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және туындаған мәселелерге дер кезінде ден қою жайы талқыланды. Сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру бейнематериалдары көрсетіліп, жеке қауіпсіздік, құқық бұзушылықтар мен жанжалдардың алдын алу, шұғыл және арнайы қызметтерге жүгіну тәртібі қарастырылды, – делінген Ғылым министрлігінің жауабында.

Ведомство университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры мен География және табиғатты пайдалану факультетінің деканымен еңбек шарттары тоқтатылғанын да растады.

Мәселе бір буын студентпен шектелмейді

Еске салайық, 6 қарашада журналистика факультетінің бірінші курс студенті қаза тапты. Арада он күн өткенде география факультетінің 17 жастағы студенті Дауыл Бақыртай жатақханада көз жұмды. Оның туыстары студентке әлімжеттік жасалғанын мәлімдеді. 19 қарашада полиция тағы бір оқиғаны растады: студент қыз өзіне қол жұмсамақ болған.

Осы оқиғалардан кейін ҚазҰУ түлектері жатақханада тұрған кезіндегі тәжірибесін әлеуметтік желіде ашық айта бастады. Олардың сөзінше, бірінші курс студенттерінің жоғарғы курстағыларға бағынуы ондаған жыл бойы жалғасып келе жатқан тәртіпке айналған.

Енді ректор мен директорлар кеңесі жатақханаларда не болып жатқанынан хабардар болды ма деген сұраққа жауап іздеу маңызды. Студенттер олардан көмек сұрап, шағымданған ба? Егер шағым түскен болса, оған қалай жауап берілген? Өйткені балаларын елдегі ең танымал жоғары оқу орындарының біріне оқуға жіберген ата-аналар олардың қауіпсіздігіне алаңдамай, университетте еш қауіп-қатер жоқ екеніне сенімді болғысы келеді.

Сізге қызық болуы мүмкін