Соңғы кезде қыз ұзату "миссиясын" атқарып жүрген танымал продюсер, әнші Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова өзінің әлеуметтік желісінде тұрмысқа шыққалы отырған қыздар жайлы ойын айтты, деп жазады Ulysmedia.kz.
Ол жастардың ажырасу фактілері жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді.
«Сіздің жолыңызды берсін» деп, тұрмысқа шығып жатқан қыздар не ата-аналары ұсыныс тастап, шақыртулар алып жатамын. «Шіркін, сол ниеттеріне, ұзатқан қыздарым ибалы, адал келін болып, үлкен әулетті отбасына айналсыншы, Алла» деп тілеумен жүремін. Алла менің де дұғамды қабыл етіп, сол ыстық ұясының шамшырағына айналуын жазсын! Осы тойда, ұзатқан қызымның қолы дірілдеп, көзіне жас келгенде өзім жылап қалдым. Қарап тұрған елден ыңғайсызданып жұтынып әрең тұрдым. Соңғы кезде ажырасу көп, «Өзіңді ғана жақсы көр» деп ақыл айтқыштар көбейіп кетті. Соларды тыңдап тек ажырасамынға бел байлап, мен сол сияқты әдемі болып та, байып та кетемін деген ұғыммен өмір сүреді, – дейді ол.
Продюсер бұрынғы аналардың тәрбиесін атап өтіп, солардың арқасында бақытты балалық шақ мәңгілік сағыныш болып жүректе қалғанын атап өтті.
“Әйел адам өзін ғана ойласа, өмірге алып келген жазықсыз ұл-қызының бақытын кім ойлайды. Ер-азаматты нағыз ер қылатын бірінші Алла болса, одан кейін тікелей сүйген жары екенін қыз-келіншектер ұғынса екен. Әйелдің бақытты болуы ата-енеден, күйеуінен деген – сылтау, мүмкін сол әйелдің өзінен, дегенімді жасатамын, аяғыма жығылтамын деу – тәкаппарлық. Соның салдарынан нағыз ер мінезді азаматтар жоғалып барады. Алақаныңызды соғып көріңізші, дыбыс екі алаққаннан да шығады, дәл солай ешкім періште емес. Бұрындары әкең келе жатыр деп анамыз айтқанның өзінде, етек жеңімізді жинап, генерал кіріп келгендегі солдаттарша ыңғай білдіретінбіз. Анамыздың нәзік жан екенін сезінетінбіз. Әкенің әйеліне, ұл-қыздарына деген қатаңдығынан сескену – ұрпағымыздың дұрыс бағыт алуына әсері ең қажетті тәрбие”, – деді продюсер.
Естеріңізге салсақ, Ұлттық статистика бюросы Қазақстан ажырасу бойынша әлемде екінші орында тұрғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген еді.