Ұлттық қауіпсіздік комитеті биыл 2-3 мамырында Астана және Павлодар қалаларында экстремизм күдігі бойынша үш азаматты ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Комитет олар терроризмді насихаттады және республика аумағында тыйым салынған діни-экстремистік ұйымның қызметіне қатысты деген күдікке ілінген.
– Тінту барысында олардан діни әдебиеттер мен өзге де заттай дәлелдемелер алынды. Күдікті адамдар бұрын жалпы қылмыстық және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін сотталған, – делінген хабарламада.
Қылмыстық кодекстің 256 және 405-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа мәліметті ҰҚК қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес жария етпейді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның жеті азаматы мен бір шетел азаматы діни-экстремистік ұйымды ұйымдастырып, оның қызметіне қатысып, терроризмді насихаттағаны үшін сотталған болатын. Тергеу сотталғандардың "қоршаған ортаға идеологияны таратқанын, зайырлы өмір салты мен конституциялық жүйеге деген өшпенділікті енгізгенін" анықтаған.