Бұған дейін белгілі болғандай Атырау облысында жағдай қиын. Жайықтыңдың деңгейі күн санап көтеріліп келеді. Индер ауданында су шекті нормадан асып кеткен. Махамбет ауданында да жағдай мәз емес. Сондықтан осы ауданға қарасты Талдыкөл ауылының тұрғындарын эвакуациялап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
Алдымен жүкті әйелдер, балалар мен қарттар
Ол үшін 124 орындық 6 автокөлік және жергілікті атқарушы органдардың 30 қызметкері жұмылдырылған.
Ең алдымен жүкті әйелдер, балалар мен қарттар эвакуацияланады. Ауыр науқастар Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы әзірлеген алгоритм бойынша эвакуацияланады.
Тұрғындар үшін Атырауда - APEC Жоғары колледжінде және DANA қонақ үйінде эвакуациялық пункттер дайындалған.
221 тұрғын үй, 1215 адам
Талдыкөл ауылы Махамбет ауданының Бейбарыс ауылдық округіне жатады. Ауылда барлығы 221 тұрғын үй бар, халқы 1215 адамды құрайды.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің сөзінше аймақтағы ахуал қиын.
"Қазір Орал суының негізгі ағыны Атырау облысының аумағына кірді. Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласының гидропункттерінде су деңгейінің өсуі байқалады. Индер және Махамбет аудандарында су деңгейі сыни көрсеткіштен асып түсті. Алайда, тұрғызылған бөгеттер әзірге елді мекендерді су тасқынынан қорғайды. Кеше Индер ауданында ескі құбырлар арқылы су төгілді. Алайда, уақтылы қабылданған шаралардың арқасында судың көп бөлігі тоқтатылды. Қазір Индер ауданындағы бөгеттер қалыпты жағдайда,"- деді облыс әкімінің орынбасары.
ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі Қазақстанда су тасқынына байланысты IT саласында жұмыстар атқарылатынын жазды. Мысалы жедел хабарлау және құтқару қызметтерін ТЖ аймағына жөнелту үшін SKYMAX су тасқынының алдын алу жүйесі және тасқын сулардың өтуінің цифрлық карта-схемасы әзірленбек екен.
“Сонымен қатар су қорғау аймақтарында жер учаскелерінің бөлінуін бақылау үшін су объектілері мен кадастр бойынша деректерді қамтитын hydro.gov.kz платформасы әзірленуде. Әкімдіктер су қорғау аймақтарында орналасқан құрылыстарға тексеру жүргізіп, оларды жою немесе көшіруді қамтамасыз етуі қажет,”- деп жазды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ қолданыстағы 377 гидропостқа тағы жаңа 139 нысан қосылатыны, олар су тасқыны қаупі бар аумақтар мен трансшекаралық өзендерде орнатылатыны белгілі болды.
Нидерланд ғалымдары
“Апаттың алғашқы күндерінен бастап елімізде Нидерландыдан келген ғалымдар тобы жұмыс істеп жатыр, олар жақын арада су тасқыны қаупін басқарудың бірлескен жоспарын ұсынады,”- деп хабарладыҮкіметтің баспасөз қызметі.
Бұған дейін
Улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу үшін эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатырғанын хабарлаған едік.
Соның шеңберінде барлық өңірде орталықтандырылған және орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көздері объектілеріне бақылауды күшейтіп, санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге су сынамаларын іріктеу және зерттеулер қолға алынған.
– Су тасқыны басталғаннан бері елдімекендердің су басқан аймақтарында және эвакуациялық пункттерде орталықтандырылған көздерден 10 180 сынама іріктеп алынды. Оның ішінде гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіні 670 сынама, орталықтандырылмаған су көздерінен 1 363 сынама. Оның ішінде гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіні 124 сынама (сәйкес келмейтін көрсеткіштер ауыз судың ластануының жанама факторы), – делінген жауапта.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.
Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.