×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Аға, құтқар, мені өлтіреді»: Өскеменде туыстары жас жігітті таппай жатыр

21.05.2024, 17:14
«Аға, құтқар, мені өлтіреді»: Өскеменде туыстары жас жігітті таппай жатыр
Фото: Скриншот

Өскеменде “Ертіс өзеніне секіріп кетті” деп хабарланған 22 жастағы Жандос Баянов бірнеше күннен бері табылмады. Оның ағасы Айбол Баянов Өскемендегі Bizdin Oskemen сайтының редакциясына хабарласып, іздеу жұмыстарына көңілі толмайтынын айтқан. Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы “іздеуді қатты ағыс пен су айдынының ұзындығы қиындатып жатыр” дейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz аталған басылымға сілтеме жасап.

Ағасы не дейді

– Құтқарушылар бір ғана қайықпен іздеп жатыр. Арасында өзім де олармен бірге өзен бетіне шықтым. Мәшинемен де Ертіс өзенінің жағалауын күнде қарап жүрмін. Бірақ таба алмадық. Суға 15 мамырдан 16 мамырға ауған түні сағат 00.45 шамасында секірген. Құтқарушылар іздеуге бірден көшкен жоқ, — деді Айбол Баянов.

ТЖД ақпараты

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы, іздеу полициядан шағым келген сәтте басталды дегенді айтады. 

– Іздеу жұмыстары жүгінген уақыттан, атап айтқанда 2024 жылғы 16 мамырдан бастап басталды. Күн сайын қайықтағы құтқарушылар жағалау сызығын зерттейді, іздеу жұмыстарына күшті ағын мен су аймағының ұзындығы қиындық туғызып отыр.
Іздеулер Предгорное кентіне дейін жүргізілді және қазіргі уақытта әрбір учаске егжей-тегжейлі тексеріледі, – дейді департамент.

Оқиға қалай болды?

Әйтсе де, құтқарушылардың жұмысына ағасы Айбол Баянов наразы. Айтуынша, құтқарушылар жүгіріп жүріп арыз жазғаннан кейін ғана шыққан. Ол бауырының көпірден секіргенін кездейсоқ куәгерлерден естігенін айтады.

– Полициядан “сергек” камераларынан қарап беруді сұрадым. Бірақ жазбаны арнайы рұқсатсыз бере алмайтынын айтты. Мәшинелер айыппұл алғанда видеоны дереу көрсетеді ғой, көлік адам өмірінен қымбат па? — дейді бауырын іздеп жүрген адам.

Айбол Баяновтың айтуынша, полицияда бауырының ісі “өз-өзіне қол жұмсау” бабымен тіркелген. Бірақ ол мұнымен келіспейді.

– Бауырым 15 мамырда достарымен кездесуге барды. Достарының айтуынша, дәмханада оған біреу қоңырау шалып, сыртқа шығып кеткен екен. Содан кейін қайтып оралмаған. Бауырым сол күні түнде маған “құтқар, аға, мені өлтіреді” деп мессенджер арқылы хат жазды. Айтқан жеріне жүгіріп бардым, бірақ таба алмадым. Өтіп бара жатқан адамдар Ертіс көпірінен бір адам секіріп кетті деп айтты. Бауырымды біреу қорқытып, өлімге итермелеген болуы мүмкін. Оны жақсы білемін, өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес. Бауырым жоғарғы оқу орында төртінші курс студенті. Оқуын жақсы оқиды. Мен спортшымын. Үй-ішімізде мәселе жоқ. Бұған дейін бауырымда депрессия болған емес. Суицид жасамақ болса, менен көмек сұрамас еді ғой, — дейді жоғалған адамның ағасы.

Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы алдағы уақытта мән-жайды біліп, ақпарат беретінін хабарлаған. Ulysmedia.kz тілшісі хабарласқан Ішкі істер министрлігінің де баспасөз қызметі солай жауап берді.