әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінен төрт оқытушының жұмыстан шығарылуына байланысты қоғамда түрлі пікір қалыптасты. Бұған дейін оқытушылардың жұмыстан кетуіне қатысты әлеуметтік желіде олардың бұрынғы шәкірттері де өз ойын айтқан. Ulysmedia.kz редакциясы осы мәселеге байланысты аға оқытушы Мұрат Шаймаран мен доцент Темірғали Көпбаймен әңгімелесті.
Мұрат Шаймаранның айтуынша, оның жұмыстан кетуіне байланысты қоғамда әртүрлі пікір айтылып жатыр. Олардың арасында оның Scopus-қа мақала жарияламағаны және ғылыми талаптарды орындамағаны туралы сын да бар.
— Қазір менің жұмыстан кетуіме байланысты әртүрлі сын-пікірлер айтылып жатқанын естіп отырмын. Мысалы, Scopus-қа мақала жарияламады, ғылыми талаптарды орындамады деген сияқты пікірлер бар. Әрине, қазіргі жүйенің өз талаптары мен ережелері бар. Оны жоққа шығармаймын, бірақ менің түсінігімде журналистика — ең әуелі шығармашылықтың алаңы. Біз журналистердің жаза алатын, сөйлей алатын, өз ойын толық жеткізе алатын, қоғамға шынайы ақпарат бере алатын азамат болғанын қалаймыз. Сонымен бірге олардың азаматтық ұстанымы, сенімі мен жауапкершілігі қалыптасуы керек. Себебі олар – азат ойдың жаршысы, қоғамдық пікірді қалыптастырушы, — дейді Мұрат Шаймаран.
Оның пікірінше, журналистика факультетінде жұмыс істейтін мамандарды таңдауда олардың ғылыми көрсеткіштерімен қатар кәсіби тәжірибесіне де назар аудару қажет.
— Менің ойымша, әуелі журналистика факультетінде кімдер жұмыс істеуі керек деген мәселені шешіп алуымыз қажет. Әрине, жоғары оқу орындары үшін мықты диплом, докторантура, ғылыми дәрежеге ие адам керек екенін мойындаймын. Алайда, ең бастысы, болашақ журналисттерді тәрбиелеу үшін білікті, білімді, осы салада тәжірибесі бар, студенттерді жетектей алатын маман тіптен керек! Бұл жерде тек аталған "шарттарды" негізге алу сыңаржақтылық болар еді. Журналистика факултетінде журналистиканың қазанында қайнаған, журналистиканың табиғатын білетін, оның қыр-сырын түсінетін, үлкен тәжірибесі бар ұстаздар жұмыс істегені жөн. Ең бастысы — осыны қарастыру қажет, — дейді ол.
Мұрат Шаймаранның айтуына қарағанда, жүйеде формалды көрсеткіштерге жұмыс істеу мәселесі де бар.
— Жалпы, біздің жүйемізде көзбояушылық, шынайы жұмыстың орнына есеп үшін жасалатын дүниелер бар. Өтірік есеп беру, формалды көрсеткіштерге жұмыс істеу сияқты дүниелер журналистикаға да кесірін тигізеді деп ойлаймын. Журналистика факультетіне ең әуелі ұстаз тұлғасы керек. Студентке білім бере алатын, үйрете алатын, оны жазуға, сөйлеуге, ойын жеткізуге жаттықтыра алатын адам керек. Әсіресе, журналистика факультетінің студентіне осы қабілеттерді қалыптастыратын мамандар қажет, — дейді аға оқытушы.

Мұрат Шаймаран. Фото: facebook
«Тәжірибелі ұстаздан бас тарту дұрыс па?»
Мұрат Шаймаран журналистика саласында ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі ұстаздардың факультеттегі орнына да тоқталды.
— Журналистиканың үлкен абызы, өзінің мектебін қалыптастырған, талай талантты шәкірт тәрбиелеген профессор Кәкен Хамзин ағамызға сабақ бергізбеу керек деген шешім қабылданса, мұны қалай түсінуге болады? “Зейнет жасына жетті, жасы келді” деген себеппен тәжірибелі журналист ұстаздан бас тарту дұрыс па? Мұндай көзқараспен ешқашан келіспеймін! Журналистикада адамның жасы емес, оның білімі, тәжірибесі, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі және кәсіби мектебі маңызды болуы керек. Кәкен Хамзин, Темірғали Көпбаев, Ермахан Шайқы сияқты тәжірибелі ұстаздардың орны бөлек қой. Көзі тірісінде осындай мамандардың қадірін білмесек, онда ғылым мен білімнің, кәсіби ортаның болашағы қандай болмақ? Тәжірибелі мамандар біртіндеп кетіп, олардың орны босап қалуы — үлкен мәселе, — деді Мұрат Шаймаран.
Ол факультетте студенттердің пікірін ескеру қажет деп есептейді.
— Біз кеткенмен, журналистика факультеті өмір сүре береді. Әлі де талай тамаша ұстаздар осы ортада дәріс оқып жүр. Олар өз жұмысын жалғастыра береді, әлі талай шәкірт тәрбиелеп шығарады. Алайда айтқымыз келген бір мәселе бар. Бұл – студенттердің пікірін ескеру, олармен санасу, шәкірттермен сөйлесу мәселесі. Ең бастысы — бюрократияны азайту қажет. Шәкірттермен сөйлесіп көріңіздерші: кім дәріс бере алады, кім бере алмайды? Қаншама студент оқуына қомақты қаражат төлеп отыр. Миллион теңгеден астам төлейтіндері де бар. Сол қаражатқа сәйкес сапалы білім алуы керек қой. Студенттің ұстазды таңдауға, пәнді таңдауға қатысты құқығы қорғалуы керек.. Егер қандай да бір оқытушы өз пәнін сапалы түсіндіре алмаса, студенттің оған қатысты сын-талабын тыңдау қажет. Сонда ғана білікті ұстаздың беделі артады, оқу сапасы жақсарады, — дейді ол.
Оның сөзінше, ұстаздың ғылыми жетістіктерінен бұрын студентке білім бере алуы маңызды.
– Ұстаз студентке білім бере алмаса, оны журналистикаға тәрбиелей алмаса, тіпті бір мақаланың тақырыбын қалай дұрыс қоюды, сөйлемді қалай құрауды, ойды қалай жеткізуді үйрете алмаса, онда ондай маманның, мейлі, Scopus-қа жылына он мақала жарияласа да, журналистика факультетінде ұстаз болып отыруының не мағынасы бар? Журналистика тек ғылыми көрсеткіштерден тұратын мамандық емес. Бұл — студентті жазуға, сөйлеуге, ойлауға, ақпаратты талдауға және қоғамға бейтарап тұрып шынайы ақпарат жеткізуге үйрететін шығармашылық әрі кәсіби орта. Ол ешқашан да үгіт-насихаттың құралы болмауға тиіс. Біз шәкірттерімізге осы түйінді баса дәріптедік... ", – дейді Мұрат Шаймаран.
Сонымен бірге ол өзінің жұмыстан кеткеніне байланысты өкініш білдіріп, шын тілекші болып қолдау көрсеткен алдыңғы буын танымал қаламгер ағаларына, әріптестеріне, замандастарына, әсіресе, сүйікті шәкірттеріне алғысы шексіз екенін айтты.

Журфак аудиториясы. Фото: farabi.university
«Көзі тірісінде қадірін білу керек»: ҚазҰУ-дың бұрынғы доценті журналистика факультетіндегі кадр саясатын сынға алды
әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінен төрт оқытушының жұмыстан шығарылуы қоғамда түрлі пікір қалыптастырып, наразылық туғызды. Олардың қатарында аға оқытушы Мұрат Шаймаран мен доцент Темірғали Көпбай бар.
Оқытушылардың айтуынша, журналистика факультетінде кадр таңдауда ғылыми көрсеткіштермен қатар кәсіби тәжірибеге, студенттермен жұмыс істей білуге және журналистика саласын практикалық тұрғыдан меңгеруге де назар аударылуы керек.
Темірғали Көпбай факультеттегі тәжірибелі ұстаздардың бірі — Кәкен Хамзинге қатысты мәселені де көтерді.
Оның айтуынша, университетте зейнет жасындағы оқытушылармен келісімшарт жыл сайын бекітіледі. Әдетте ол 1 тамыздан келесі жылдың 31 тамызына дейін жасалады.
— Бұған дейін Кәкен ағамызбен де жыл сайын келісімшарт ұзартылып келген. Оның ғылыми дәрежесі, көп жылғы тәжірибесі бар маман. Кәкен Хамзин ағамыз — ардагер ұстаз. Үлкен профессор, ғылым докторы. Өзінің жинаған білімін кейінгі ұрпаққа беретін адам, — дейді Темірғали Көпбай.
Оның сөзінше, Кәкен Хамзин 80 жасқа толғанымен, бұл оның білім беру ісінен шеттетілуіне себеп болмауы керек.
— Кәкен Хамзин ағамыз қазір 80 жасқа толды. Алайда АҚШ-та, Еуропада 90 жасқа келген профессорлар да қызметін жалғастырып, сабақ беріп жүр. Өйткені адамның жинаған білімі жас ұлғайған сайын жоғалмайды. Керісінше, оның тәжірибесі мен білімі жыл өткен сайын молая береді. Сондықтан “зейнет жасына жетті” дегеннің бәрін қызметтен шеттетудің себебі ретінде қарастыруға болмайды деп ойлаймын. Зейнетке шыққан адам кеңесші болып та жұмыс істей алады, сабақ та бере алады. Тәжірибелі көп маман зейнет жасынан кейін де қызмет етіп жүр, — дейді ол.

Кәкен Хамзин. Фото: facebook
«Баспа ісі кафедрасында баспагер қалған жоқ»
Темірғали Көпбай журналистика факультетіндегі «Баспа ісі» кафедрасына қатысты да алаңдаушылығын білдірді.
— Факультетте жалпы “Баспа ісі” деген кафедра бар. Сол кафедрада баспагер маман ретінде мен ғана қалдым. Мен баспа ісінің майын ішкен адаммын. Баспа ісін зерттеп, ізденіп жүргеніме 20-30 жыл болды. Оның практикалық жағына да толық кірдім, теориясын да терең зерттедім. Енді баспа ісі кафедрасында осы саланың барлық пәнін жүргізе алатын маман керек қой, бірақ қазір ол кафедрада баспагер жоқ. Ешқандай баспагер қалған жоқ, — деді ол.
Көпбайдың сөзінше, басқа салада тәжірибесі бар маманның баспа ісін толық меңгеруі және осы бағытта студентке сапалы білім беруі мәселесі қаралуы керек.
— Телевизия саласында жұмыс істеген, телевизияны жақсы білетін адам баспа ісін қалай толық меңгеріп, студентке қалай сапалы білім береді? Осы мәселені ешкім ойламайды. Студентке қандай білім беріп жатқанымыз туралы ойланып отырған адам жоқ сияқты, — дейді бұрынғы доцент.

Темірғали Көпбай. Фото: facebook
Ол маманды қызметке тағайындау кезінде бұрынғы лауазымдарына ғана сүйену жеткіліксіз деп есептейді.
— Әйтеуір бір адамды ала салу, “бұрын кафедра меңгерушісі болды”, “декан болды” деген көрсеткіштерге қарау жеткіліксіз. Мен, мысалы, кафедра меңгерушісі де, факультет деканы да болдым. Бұл факультетті ішінен білемін. Онда 16 жылдай дәріс оқыған адаммын, — дейді ол.
«Ұстаз тек лекция оқып, сонымен шектелетін адам емес»
Көпбайдың пікірінше, журналистика факультетіндегі оқытушының негізгі міндеттерінің бірі — студентпен тікелей жұмыс істеу.
— Мен аудиториядан қашпайтын адаммын. Ал бізде аудиторияға кіруден қашатын мұғалімдер де бар. Аудиторияға кіруден қорқатын ұстаздар бар. Ал біз, керісінше, аудиториядан шыққымыз келмейді. Өйткені ұстаз деген тек лекция оқып, сонымен шектелетін адам емес. Ұстаз деген — баланың, шәкірттің жанын көре алатын адам. Оның ішкі дүниесі қандай, бойында қандай қабілет бар, қандай қазына жатыр — соны көріп, оны аша білуі керек. Менің түсінігімдегі ұстаздың міндеті — осы, — дейді Темірғали Көпбай.
Университет не дейді?
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме таратты.
Университеттің мәліметінше, журналистика факультетінің профессоры Кәкен Хамзин мен доцент Темірғали Көпбаевтың еңбек шарттарының мерзімі аяқталған.
Ал аға оқытушы Ермахан Шайхы академиялық біліктілігін анықтау мақсатында өткізілген конкурстық комиссия отырысына қатыспаған және белгіленген рәсімнен өтуден бас тартқан.
Аға оқытушы Мұрат Шаймаран академиялық талаптарға сәйкестігін бағалау мақсатында жүргізілген конкурстан өте алмаған.
ҚазҰУ-дың хабарлауынша, лауазымға қабылдау рәсімі жоғары оқу орындарында белгіленген тәртіпке сәйкес жыл сайын жүргізіледі.
— Арнайы құрылған конкурстық комиссия өтініш берушілердің ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерін, педагогикалық тәжірибесі мен дәріс беру біліктілігін және өзге де белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалайды, — делінген университет мәлімдемесінде.
Университет тиісті шешімдер қолданыстағы заңнамаға және университеттің ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес қабылданатынын атап өтті.
Мәлімдемеге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма мүшесі — академиялық мәселелер бойынша проректор Алина Галеева қол қойған.
Журфактағы алғашқы дау емес
ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде бұған дейін де дау-дамайлар болған. 2011 жылы факультет жабылуы немесе басқа құрылымдармен біріктірілуі мүмкін деген ақпарат тарағаннан кейін студенттер ректорат алдына шыққан. Сол кезде университет басшылығы журфактың жабылмайтынын мәлімдеген.
Сондай-ақ студенттер факультетті қайта ұйымдастыру жоспарына қарсылық білдіріп, сабақ кестесінің қолайсыздығына және білікті оқытушылардың жетіспейтініне шағымданған. Олар факультет бұрынғы деңгейінен айырылып, «ұлттық сипатын» жоғалтып бара жатқанын айтқан.
Нәтижесінде 200-ден астам студент ректорға үндеу жолдаған. Содан бері қанша жыл өтсе де, журфак әлі де бітпейтін қайта құру кезеңінен шыға алмай келе жатқандай.
Әсем Жәукен