Қоғам белсендісі әрі блогер Санжар Боқаевтың ісі бойынша алғашқы сот отырысы 28 қыркүйекке белгіленді. Бұл туралы оның адвокаты Радмир Өтепов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Іс сотта қаралады
Сот процесі ашық режимде өтеді.
– Боқаев Санжар Алмарұлының ісі бойынша алғашқы сот отырысы 28 қыркүйек сағат 09:30-да Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында өтеді, – деп нақтылады Радмир Өтепов.
Бокаевқа қандай айыптар тағылды?
Қоғам белсендісі мен блогер наурыз айынан бері қамауда отыр. Оның ісі бойынша тергеу әрекеттері шілдеде аяқталып, содан кейін адвокаттар іс материалдарымен таныса бастаған.
Тергеу нұсқасы бойынша, Санжар Боқаев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген, сондай-ақ оған ағаштарды заңсыз кесу, құрылыс нысандарындағы ұрлық және жалған ақпарат таратуға қатысты айыптар тағылған.
Белсенді ұсталғаннан кейін интернетте Ахиддин Хамракуловтың видеосы тараған. Алғашында ол өзін ұрып-соққанын және Боқаевқа қарсы куәлік беруге мәжбүрлегенін айтқан. Кейін бұл сөздерінен айнып, видеоны блогердің өтініші бойынша түсіргенін мәлімдеген.
Кейінгі жылдары Санжар Боқаев шенеуніктердің жұмысы, бюджет қаржысының жұмсалуы, Алматыдағы даулы құрылыс мәселелері туралы видеоларымен танымал болды.
Ол биыл ақпанда АҚШ-тан видеоүндеу жасап, Америкада бизнес ашқанын, «нәтижесіз қоғамдық-саяси қызметтен» шаршағанын және Қазақстанға қайтуды жоспарламайтынын айтқан. Алайда кейін елге оралып, наурыз айында ұсталды.
Іс сотқа берілмей тұрып-ақ белсендінің жақтастары алдағы сот процесін журналистер мен қоғам үшін жабық өткізбеуді ашық түрде сұраған.