Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан Солтүстік Атлантика альянсының Украинадағы соғысқа қатысуына қарсы шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы AFP-ге сілтеме жасап.
Бұл туралы Хакан Фидан Прагада НАТО сыртқы істер министрлерінің кездесуінен кейін мәлімдеді. Оның айтуынша, Түркия Украинаға қару беруді қолдайды, бірақ НАТО-ның соғысқа "қатысуын" қаламайды.
– Түркия Украинаға көмек көрсетуді және Украинаның Ресейді тежеу қабілетін қолдайды, бірақ біз НАТО-ның бұл соғысқа қатысқанын қаламаймыз.
Біз осы екі нәрсенің арасында мүше елдердің де, НАТО-ның да тепе-теңдігі сақталуы керек деп санаймыз, - деп қосты Фидан.
Түркия СІМ басшысы басқа жағдайда қақтығыс аймаққа таралып, одан да жаман дағдарыстар туғызуы мүмкін екеніне сенімді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Венгрия премьер-министрі Kosshut радиостанциясына берген сұхбатында Еуропалық Одақ пен НАТО Ресеймен соғысқа дайындық сатысында екенін айтқан болатын.