Парсы шығанағында АҚШ әскері ирандық мұнай танкерлері мен жағалаудағы нысандарға зымыранмен соққы жасады. Бұған жауап ретінде Иран АҚШ-тың әскери кемелеріне шабуыл жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШ Иран танкерлеріне соққы жасады
АҚШ әскери күштері Иран жағалауындағы Парсы шығанағында мұнай танкеріне, сондай-ақ Харг аралы мен Жаск қаласы маңындағы нысандарға зымыранмен соққы берген.
Иранның мемлекеттік Tasnim агенттігі мен америкалық Fox News телеарнасының мәліметінше, оқиға стратегиялық маңызы бар Харг аралынан шамамен төрт миль қашықтықта болған. Бұл арал Иран мұнайын экспорттаудың негізгі торабы болып есептеледі.
Куәгерлердің айтуынша, зымыран кемеге тиген. Экипаж арасында зардап шеккендер жоқ. Теңізшілер суға батып бара жатқан танкерден шұғыл эвакуацияланған.
Кейін Fox News журналисі Дженнифер Гриффин Пентагондағы дереккөздерге сілтеме жасап, операция ауқымын нақтылады. Оның мәліметінше, шабуыл тек теңіз кемелеріне емес, Харг пен Жаск аудандарындағы құрлықтағы нысандарға да жасалған.
АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктері соққы жасалғанын растағанымен, қолданылған қару түрлері туралы ақпарат құпия күйінде қалып отыр.
АҚШ бес ирандық танкердің көзін құртқанын мәлімдеді
АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Оман шығанағында Иранның бес мұнай танкерін жойғанын растады.
Әскери ведомствоның мәліметінше, операция барысында M/T Kaviz, M/T Charminar, M/T Horizon 1, M/T Riesco және M/T Derya кемелері суға батырылған. Олар Харг аралына жақын акваторияда болған.
АҚШ әскери ведомствосы бұл кемелерді санкцияларды айналып өту үшін пайдаланылатын Иранның «көлеңкелі флотының» бір бөлігі деп атады.
Пентагонның мәліметінше, кемелер экипаждары шабуыл болатыны туралы алдын ала ескертіліп, эвакуацияланған. Теңізшілер арасында қаза болғандар туралы ақпарат жоқ.
CENTCOM операцияның Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының (КСИР) әрекеттеріне жауап болғанын мәлімдеді. Бұған дейін Иран әскері америкалық әскери кемеге екі рет баллистикалық зымыранмен шабуыл жасауға тырысқан. Алайда кеме зымырандардан жалтарып, патрульдік міндетін жалғастырған.
Иран АҚШ-тың екі әскери кемесіне соққы жасағанын хабарлады
Иран әскери күштері АҚШ-тың әскери кемелеріне жауап соққы жасағанын мәлімдеді.
КСИР Әуе-ғарыш күштері Таяу Шығыс акваториясында АҚШ-тың екі эсминецін зымыранмен сәтті атқылағанын хабарлады. Иранның IRIB телеарнасының мәліметінше, нысанаға USS Delbert D. Black және USS John Paul Jones кемелері алынған.
КСИР мәлімдемесінде америкалық кемелерге айтарлықтай залал келтірілгені айтылған.
Иран тарапы бұл шабуылды АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Харг аралы мен елдің оңтүстігіндегі Жаск қаласы маңындағы ирандық танкерлерге жасаған соққысына жауап деп атады.
КСИР жауап шаралары жалғасатынын да ескертті. Бүгін түнде жаңа шабуылдар толқыны болуы мүмкін. Бұл жолы Бахрейн мен Кувейт жағалауындағы суларда орналасқан мұнай танкерлері нысанаға алынуы ықтимал.