«Алты баланы асырап алып, азаптады» деп күдікке ілінген азаматқа қатысты Динара Зәкиева пікір білдірді. Сөзінше, олар балақайларға мемлекеттен бөлінген қаражатты басқа мақсатқа жұмсаған. Сонымен қатар буыны қатпаған балаларды ауыр жұмысқа салып, қинап ұстаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не болды
Otyrar.kz сайтының жазуынша, Динара Зәкиева бұл оқиғаға қатысты тағы біраз сорақылық бар екенін айтқан. Мән-жайды анықтау үшін әлгі азаматтың үйіне барғанымен, есігі тарс жабық тұрды. Ал көршілері бүлдіршінді көрмегенін, тіпті оның ойнау үшін де сыртқа шықпағанын айтады. 16 жастағы жасөспірімді тек мектепке бара жатқанда ғана көретінбіз дейді.
«Біз оған кірмейміз. Араласпаймыз.
– Кіріп-шығып жүретін ба еді?
– Шығармайды осының ішінен. Есігінен көрмейміз. Сабаққа кетеді. Түстен кейін қайтып келеді.
– Балаларыңызбен ойнамай ма?
– Жоқ, шықпайды. Ол бұл жерде де оқымайды. Дачада ма, оқиды-ау.
– Ол кісі жұмыс істей ме?
– Істемейді-ау.
– Жай үйінде жатады ма?
– Тәуіпкершілігі бар ғой.
– Сонда адам қабылдай ма?
– Иә, адам қабылдайтын. Бірақ қазір ешкім кемей қалды. Өзі де жоқ болып кетті.
Танымаймыз ол кісіні, сөздің шынына келген кезде. Күйеуім де араласпайды.
– Сонда көршілердің бәрі араласпай ма ол кісімен?
– Білмеймін, басқа көршілер араласса, араласатын шығар. Бірақ біз араласпаймыз.
Балаларға бөлінген ақшаға ешкі сатып алуы мүмкін
Балалар омбудсмені қазір қосымша тергеу жүргізіліп жатқанын айтады. Сөзінше, күдікті балақайларға бөлінген ақшаны басқа мақсатта, яғни ешкі алуға жұмсаған болуы мүмкін. Ал буыны қатпаған балаларға жұмысшы ретінде қараған көрінеді. Қазір осы жайттың мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр.
Аталмыш қылмыс бойынша біз ақпан айынан бері ҚР ІІМ, Бас прокуратура және Шымкент қаласының Балалар құқықтары жөніндегі уәкілімен бірлесе жұмыс істеп келеміз. Бұл оқиғада біраз сұмдық бар, соның бірі – балалардың үлкенінің сөзінше, асырап алушылар балаларға зәр ішкізіп, нәжіспен тамақтандырған. Іс сотқа жіберілді. Сондай-ақ, олар балаға тиесілі ақшаны ешкілер сатып алуға жұмсап, балаға баққызып қойғандары туралы дерек бөлек тергелуде, – дейді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева.
Сезікті психикалық ауруханада жатыр
Білім басқармасы бұл жайтты бақылауға алғанын жеткізді. Ал жасөспірімнің психикалық жай-күйіне мән бермеген мектеп әкімшілігіне сөгіс жарияланыпты.
Шымкент қаласының Білім басқармасына қарасты №95 жалпы орта білім беретін мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен сынып жетекшісіне ескерту, мектептің педагог-психологы мен әлеуметтік педагогына сөгіс, тәртіптік шарасы берілді. Сот шешімі шыққан соң ресми хабар береміз, – дейді Шымкент қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, күдіктінің үстінен ҚР ҚК-тің 110 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, факті сотқа жолданған. Мамандардың сөзінше, сезікті азамат психикалық ауруының болуына байланысты Алматыда ауруханада жатқан көрінеді.