Абай облысында шегіртке қаптады. Зиянкестер әсіресе Ақсуат ауданындағы жайылым мен шабындық жерлерді отап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғындар шегірткенің көптігінен, қыстық мал азығын дайындай алмай қаламыз деп қауіптеніп отыр. Ал аудан атқамінерлері алқаптарды дәрілеу жүргізіліп жатқанын айтады. Қазір Шымкенттен келген мамандар ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2000 гектар алқапты залалсыздандырып жатыр. Сондай-ақ үш елдімекенге қарасты жайылым жерлерді де дәрілеу жоспарланған. Ақсат ауданындағы 6 900 гектар аумақты шегіртке басқан деген болжам бар.
“Ауданда саяқ шегірткесінің экономикалық зиянды шегі 1500 гектарды құрап отыр. Бұл Қызылкесік ауданында 1360 гектар. Екпін ауылында 200 гектар,”- деді Ақсуат ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бейбіт Сербатыров.
Бұған дейін
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында шегіртке дернәсілдері көбейе бастағанын жазған едік.
Ал премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин шегірткенің “халал өнім” деген.
Шегіртке әрқашан бізбен бірге болды. Динозаврлар мен мамонттардың құрдасы. Біз онымен әрдайым күресіп келеміз, күресе береміз. Кейбір елдер оларды өндіруді және олардан керемет ақуыз тағамдарын дайындауды үйренді. Әрине, бұл бізге келмейтін шығар. Бірақ, шын мәнінде, бұл халал өнім,”- деп жауап берді Серік Жұманғарин.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, Шариғат және пәтуә бөлімнің маманы Елбек Тасболатұлы шариғат бойынша шегірткенің адал екенін айтты.