Пхеньяндағы Ким Ир Сен алаңында Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның ресми кездесу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы РИА Новости басылымы жазды.
Ресейлік басылымның жазуынша, Владимир Путиннің КХДР-ға екі күндік ресми сапары 18 маусымда басталған. Оны Пхеньян әуежайында Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын күтіп алған. Екі ел басшылары бірнеше минут сөйлесіп, кейін олардың кортежі әуежайдан кеткен.
Бүгін, 19 маусымға жоспарланған кеңейтілген келіссөздер барысында екі ел басшылары халықаралық күн тәртібін, сондай-ақ қауіпсіздік, экономика, энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар Ресей президенті жұмыс сапары барысында гала-концерт ұйымдастырылып, мемлекеттік қабылдау, сондай-ақ Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Кореяны азат еткен Қызыл Армия жауынгерлеріне арналған «Азаттық» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.
Бүгін таңертең Путин Пхеньяндағы Ким Ир Сен алаңына келді. Басылым мәліметіне сүйенсек, "Кымсусан" мемлекеттік резиденциясында өткен кездесу мен ортақ суретке түсіп болғаннан кейін екі ел басшылары келіссөздерді бастады.