×
478.58
520.84
5.44
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
478.58
520.84
5.44

ЛГБТ бізге жат құбылыс екенін көрсетті – депутат киіз үйде жалаңаш билегендерді жазалауды талап етті

19.06.2024, 12:29
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев киіз үйде жартылай жалаңаш билеп, әлеуметтік желіде резонанс туғызған видеоға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Депутат не дейді?

Самат Мұсабаев бабадан қалған ең қастерлі мұрамыздың бірі – киіз үй еді деп бастады сөзін. Сан ғасыр бойы хандарымызға еңсесі биік ақ орда, халқымызға құт ұялаған баспана болған сол киіз үйге ақпараттық шабуыл да басталды дейді.

– Күні кеше оюлаған киіз үйде ұлттық киім киіп, жартылай жалаңаштанып ойқастаған үшеудің әлеуметтік желіні шарлаған бейнеролигі исі қазақтың ашу-ызасын тудырып отыр. Халықтың бұған наразылығы әбден орынды.Ең аяулы дүниеңді аяққа таптаса, ұлттық киіммен жалаңаштанса, төріңде әуретін ашып тайраңдаса – бұл бүкіл ұтты, дені қазақ, рухы биік елімізді қорлаумен пара-пар. Ең сорақысы – әлгі жын-ойнақтаған үш ұзынның ортадағы «сирақты примасы» қызтеке екен, – дейді ол.

Самат Мұсабаев бұл – халқымызға қарсы мысық тілеулі, теріс ниеттілердің алдын ала жете ойластырып, қазақы дүниені, ұлттық құндылықтарды құнсыздандыруға, мазақ етуге бағытталған қасақана жаулық әрекеті деп есептейді.

– Тал түсте төрімізде тайраңдағаны – нағыз басынғандық. Олар бүгін төрімізде тайраңдаса, ертең төбемізде ойнамасына кім кепіл?! Сондықтан бұған көз жұмып қарап, жай қалдыра салуға болмайды. «Албасты қабаққа қарап басады» деген. Бұл біріншіден, қоғамның осы әрекетке қалай үн қататынын байқайын деген астыртын сыр тарту тәсілі болса, екіншіден, ЛГБТ насихатына тосқауыл қоймақ талапқа деген ашық қарсылық, үшіншіден, өскелең буынды өз ұлттық құндылықтарынан жеріндіру әрекеті, – дейді ол.

Мұсабаев не ұсынады

Депутат бұл мәселені біз бір топ депутат былтыр Мәжіліс мінберінен көтеріп, барлық платформаларда, әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетімізге сәйкес келмейтін ақпараттық өнімдерді таратуға тыйым салуға, теріс ағымдарды насихаттайтын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормаларын әзірлеуді ұсынғанын есіне алады. Ал таяуда қоғам белсенділері E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялаған еді. Небәрі 2 аптада осы талапты қолдап, 50 мың қол жиналған.

– Бұл – ЛГБТ-нің елімізге қажетсіз әрі жат құбылыс екендігінің, оған халықтың ашық қарсылығының анық көрінісі. Алда өтетін петиция қорытындысын қарау отырысына қоғам белсенділерін, ұлт жанашырларын белсене қатысуға шақырамын. Бейнероликтегі ұлттық құндылықтарымызды қорлау көрінісі – әбден шектен шыққандық. Сондықтан құқық қорғау органдары бейнеролик кейіпкерлерін, оларды ұйымдастырушыларды, түсіру тобын, идея авторларын тауып, заңға сәйкес қатаң жазалау қажет деп санаймыз. Бұдан былай ұлттық құндылықтарымыз – домбыра, қобыз, киіз үй, ұлттық киім, ұлттық тағам секілді асыл жәдігерлерімізді қандай-да теріс мақсатта пайдалану, мазақ ету – ұлт намысына қол сұғу, ұлттың беделін түсіруге бағытталған қылмыстық әрекет деп бағаланып, қылмыстық жауаптылықпен жазалануы тиіс, – дейді ол.

Самат Мұсабаев Бас прокуратурасына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне аталған бейнеролик бойынша құқықтық баға беріп, оған қатысты нақты шара қолдануды сұрайды. 

– Ата дәстүрімізге қол сұғу – ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіру, ұлттық құндылықтарды түбірімен жоюмен тепе-тең. Біле білсеңіздер, қазақ, бұл – домбыра, қазақ, бұл – ұлттық дәстүр, қазақ, бұл – киіз үй, ою, ұлттық киім. Осының әрбіріне жасалған қастандық – біз үшін ауыр қылмыспен тең, – дейді депутат.

Видео жайлы

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде жартылай жалаңаш үш адамның киіз үй ішінде билеген видеосы тарады. Оның бірі қыз болып киінген еркек екені айтылады.

Қазақстанда «ЛГБТ насихатына» тыйым салуды талап еткен петиция 50 мың қол жинап, оны Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарауға жіберуге мүмкіндік берген еді. 

Серіктес жаңалықтары