Қостанай облысы Жангелдин ауданының Ақкөл ауылында қасқыр кешкі уақытта қонаққа бара жатқан ер адамға шабуыл жасады. Оған ауыл тұрғындары көмекке келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қасқырмен бетпе-бет келген
Оқиғаның мән-жайын жергілікті «ТобылИнфо» басылымы жазды. Белгілі болғандай, зардап шеккен азамат ата-анасының үйіне қонаққа келген. Кешке үйден шыққан ол көшенің ортасында қасқырға тап болған. Жыртқыш ер адамның қолынан тістеп алған.
Алайда ер адам қасқырды жарық жерге дейін сүйреп жеткізген. Көршілері жүгіріп шыққан. Олар бірігіп жыртқыштан қорғанып, ақыры оны өлтірген.

Зардап шеккен азамат жедел жәрдем көлігімен аудандық ауруханаға жеткізілді.
Жабайы аңдар ауылға жиі келетін болған
Жағдайға ауылдық округ әкімі Балғабай Қалиев пікір білдірді. Оның айтуынша, күзде Ақкөлге жабайы аңдар – қасқыр, түлкі мен қабандар жиі келеді. Бұл ауыл тұрғындарын алаңдатып отыр.
Әкімнің сөзінше, ауыл тұрғындарының жыртқыштардан қорғануға мүмкіндігі шектеулі. Бұған дейін халықтың қолындағы қару-жарақтың басым бөлігі тәркіленген. Қазір рұқсат етілген мылтық бірнеше адамда ғана бар. Оның үстіне, қару иелері үнемі ауылда бола бермейді. Сондықтан көшелерді тұрақты күзетуге мүмкіндік жоқ.