×
$
455
€
498.77
₽
5.56
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
455
€
498.77
₽
5.56

Өлгендер арыздана алмайды: Қазақстанда әйелдер мен балалардың қазасына кім жауап береді?

Бүгін, 16:40
Өлгендер арыздана алмайды: Қазақстанда әйелдер мен балалардың қазасына кім жауап береді?
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда заң талаптары күшейтіліп, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қорғаудың жаңа тетіктері енгізіліп жатыр. Билік те зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу керегін жиі айтады. Алайда полицияға шағымданған әйелдердің өзі әлі де қаза тауып жатыр. Қылмыстық істер созбаққа салынып, біресе жылы жабылып, біресе қайта тергеледі. Тіпті прокуратура қызметтік салғырттық дерегі бойынша тергеу бастаған істерде де тексерушілер полиция қызметкерлерінің әрекетінен ешқандай заңбұзушылық таппаған жағдайлар бар. Ulysmedia.kz адвокаттармен және құқық қорғаушылармен сөйлесіп, құқық қорғау органдарының ресми жауаптарын зерделеп, азаматтарды қорғау жүйесі мен шынайы өмірдегі жағдайдың арасындағы алшақтықтың себебін анықтауға тырысты.

Полиция неге кісі өлімінен кейін ғана қимылдайды?

Мұндай оқиғалардың көбінде бір-біріне ұқсас жайттар қайталанады. Әуелі әйел полицияға барып, өзіне төнген қауіп туралы айтып, өзін және балаларын қорғауды сұрайды. Одан кейін тексеру жүргізіліп, түсініктеме алынады, арыздар қаралып, процессуалдық шешімдер қабылданады. Кейде іс тоқтатылады, кейде мәселені өзара шешуге кеңес беріледі. Ал жәбірленуші амалсыздан адвокат іздеп, прокуратураға жүгінеді. Бірақ орны толмас қайғылы жағдай болғанда құқық қорғау жүйесі аяқ астынан ерекше белсенділік таныта бастайды: полицейлердің өздеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп, олар жұмыстан босатылып, тіпті ұсталады.

Астаналық Жазираның қазасы соның бір мысалы. Бұрынғы күйеуі үйінің жанындағы автотұрақта пышақтап өлтіргенде, оның жасы небәрі 30-да еді. Әйел полицияға бірнеше рет жүгінген. Соның ішінде зорлау, қоқан-лоқы көрсету және аңду деректері бойынша да арызданған. Бір назар аударарлығы, бұрынғы күйеуі де ішкі істер органдарында қызмет еткен. Алайда 2026 жылдың жазында теріс себептермен жұмыстан шығарылған.

Қаза тапқан Жазира Адауова. Әлеуметтік желіден алынған сурет

Жазираның айтуынша, 7 қыркүйекте бұрынғы күйеуі үйіне пышақ алып келген. Ал 23 қыркүйекте келіншек қаза тапты. Артында екі баласы қалды. Қайғылы оқиғадан кейін Ішкі істер министрлігі тексеру жүргізіп, төрт қызметкерді жұмыстан шығарып, ұстады. Оларға қатысты қызметтік салғырттық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Яғни әйелдің көзі тірісінде ескерусіз қалған жайттар ол қаза тапқаннан кейін ғана ауқымды ведомстволық тексеруге негіз болды. Сонда құқық қорғау органдары кісі өлтірілгеннен кейін ғана қимылдай ма?

Жазираға шабуыл жасалған автотұрақ. Threads желісіндегі @aydana.bolatbekkyzy парақшасынан алынған сурет

Бұл құқық қорғау органдарының өз әрекетіне қайғылы жағдайдан кейін ғана түсініктеме беруге мәжбүр болған жалғыз оқиғасы емес.

Бір қылмыстық істі алты рет тоқтатқан

Атырау облысында жеті жастағы ұл баланың анасы баласына жасалған жыныстық зорлық-зомбылықты тергету үшін бірнеше жыл бойы күрескен. Әйелдің айтуынша, ұлына бұрынғы бірге тұрған серігінің ағасы бірнеше рет жыныстық сипаттағы зорлық көрсеткен.

Бұл істің тергелуі жылдарға созылды. Ulysmedia.kz редакциясы алған прокуратура жауаптары қылмыстық істің сотқа жеткенше қаншама кедергіден өткенін көрсетеді.

Жәбірленген баланың анасы Ақмарал Садықова

Атырау облысы прокуратурасының ресми жауабына сәйкес, қылмыстық іс 2023 жылғы 20 қаңтарда ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігі бойынша тіркелген. Тергеу барысында істі тоқтату туралы шешім алты рет қабылданған. Оның үшеуі 2023 жылдың тамыз, қазан және желтоқсан айларында, қалған үшеуі 2024 жылдың сәуір, маусым және қараша айларында шығарылған.

Прокуратура бұл қаулылардың барлығын кейіннен жойып, қосымша тергеу амалдарын жүргізуді, куәгерлерден жауап алуды және сараптамалық зерттеулер тағайындауды талап еткен.

Істі тоқтату туралы соңғы қаулы 2025 жылғы 25 ақпанда күшін жойған. Қосымша тергеу амалдарынан кейін күдікті 11 наурызда ұсталып, 10 сәуірде іс сотқа жолданған. 2025 жылғы 14 шілдеде педофил кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.

KOSATKINA YouTube-арнасынан алынған сурет

Алайда полицияның бастапқыда қалай әрекет еткені де ерекше назар аударуға тұрарлық. 2022 жылдың қазан айында-ақ құқық қорғау органдарына балаға күш көрсетілгені туралы хабарламалар түскен. Прокуратураның мәліметінше, сол арыздардың бірінен кейін сот-медициналық сараптама тағайындалғанымен, баланың заңды өкілі оны сараптамаға апармаған. Кейін баланың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасалғаны туралы арыз түскен. Алғашқы тексеру кезінде бала айтылған жайттарды растамаған. Соның салдарынан материал сот-медициналық сараптама тағайындалмастан номенклатуралық өндіріске жіберілген.

– 2022 жылғы 2 қарашадағы қызметтік тексерудің қорытындысы бойынша Атырау қалалық полиция басқармасының бастығы учаскелік полиция инспекторы Е. Темірхановқа «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық шығарды, – делінген Атырау облысы прокуратурасының Ulysmedia.kz сауалына берген жауабында.

Кейін сарапшылар оқиғадан кейін бірден алынған медициналық мәліметтер болмағандықтан, кейбір дене жарақаттарының қалай және қашан пайда болғанын нақты анықтау мүмкін болмағанын айтқан. Басқаша айтқанда, медициналық тексеру дер кезінде жүргізілмегендіктен, кейін жарақаттарға сараптама жасау қиындаған.

Бірақ екі ведомствоның жауабын салыстырғанда бұдан да қызық жайт анықталды.

Ulysmedia.kz тергеушілердің жауапкершілігі туралы сұрақпен Ішкі істер министрлігіне жүгінгенде, сауал Атырау облысының полиция департаментіне жолданған. Онда өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы қызметкерлердің әрекетінен заңбұзушылық анықталмағанын хабарлаған. Ал прокуратураның ұстанымы мүлде басқа болды. Редакция сауалына берген жауабында қадағалаушы орган полицейлерге қатысты жеке сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

– Облыстық полиция департаментінің лауазымды тұлғалары қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауы мүмкін деген дерек бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 371-бабының 1-бөлігімен (салғырттық) сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның барысында қатысы бар лауазымды тұлғалардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне құқықтық баға беріледі, – делінген прокуратура жауабында.

Әйелдердің шағымы неге назарсыз қалады?

Тоғыз жыл тергеуші болып жұмыс істеген, құқық қорғау органдарындағы жалпы еңбек өтілі 12 жылға жуық адвокат Аянхан Омаров мәселенің бір ұшы полиция қызметкерлерінің шамадан тыс жұмысбастылығында ғана емес, кәсіби деформацияда жатқанын айтады.

Оның сөзінше, кейбір полицейлер әйелдердің шағымын әлі де гендерлік таптаурындарға сүйеніп қабылдайды. Яғни жәбірленушінің өзі агрессорды ашуландырды немесе болған оқиғаға белгілі бір дәрежеде өзі кінәлі деген түсінікпен қарайды.

– Әйел көмек сұрап келгенде, кейбір полиция қызметкерлері оның сөзін тыңдағанымен, өзі кінәлі сияқты қабылдайды. [...] Олардың көзі үйреніп кеткендей. Көмек сұрап келген адамға жанашырлық танытпайды, – дейді адвокат.

Адвокат Аянхан Омаров

Ол тағы бір мәселеге назар аударды: әйелдер алғашқы арызынан бас тартып, өзіне қол көтерген адамды кешіреді немесе түрлі жағдайдың қысымымен бастапқы ұстанымын өзгертіп жатады. Омаровтың пікірінше, мұндай жайттарды талай көрген полиция қызметкерлері кезекті шағымға да уақыт өте жәбірленуші мен агрессор татуласатын кезекті оқиға ретінде қарауы мүмкін.

Алайда бұл құқық қорғау органдарының әйелге төнген нақты қауіпті бағалау міндетін жоймайды. Адвокаттың айтуынша, ол арыздардың сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне (СДТБТ) тіркелмей қалған жағдайлармен талай рет бетпе-бет келген. Мұндайда қылмыстық істі қозғауға қол жеткізу үшін прокуратураға немесе тергеу сотына шағымдануға тура келген.

– Өз тәжірибеме сүйенсем, жағдайлардың 90 пайызында қылмыстық іс прокуратураға немесе тергеу сотына шағым түсіргеннен кейін ғана қозғалады. Нақты айта алмаймын, бірақ осылайша қылмыстық істерді тіркеу көрсеткішін төмендеткісі келетін шығар деп ойлаймын. Екінші жағынан, бұл қарапайым жалқаулықтың да салдары болуы мүмкін, – дейді ол.

Кадр тапшылығы да бар. Омаровтың сөзінше, полицияда тәжірибелі әйел тергеушілер жетіспейді. Көптеген қызметкер уақыт өте тергеу саласынан басқа жұмысқа ауысады немесе мүлде жұмыстан кетеді.

Ал «Қорғау-Астана» дағдарыс орталығының жетекшісі Анна Рыль жағдайға басқа қырынан қарауды ұсынады. Ол барша полиция қызметкеріне бірдей баға беруден сақтандырып, олардың жұмысы үлкен жүктемемен, толассыз арыз-шағыммен және қағазбастылықпен қатар жүретінін еске салады.

– Қызметкерлер эмоциялық тұрғыдан қажиды. Полицияға түсетін жүктеме де, көмек сұрап келетін адамдардың саны да көп. Шынын айтсақ, бізде қағазбастылық та аз емес. Қаншама құжат толтырып, есеп жазу керек. Осындай жұмысбастылық пен шаршау, эмоциялық қажу қызметкердің әйелді толық тыңдауына мүмкіндік бермейді, – дейді құқық қорғаушы.

Құқық қорғаушы Анна Рыль. фото: Sputnik.

Сонымен бірге Рыль әйел өз өміріне қауіп төніп тұрғанын айтса, мұндай ескертуге барынша байыппен қарау қажет екенін атап өтті.

Осы тұста маңызды сұрақ туындайды: егер полицейлер шынымен шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп, эмоциялық тұрғыдан қажып, бітпейтін қағазбастылықтың ортасында жүрсе, олардың жұмысын адам өмірі есеп пен құжаттың көлеңкесінде қалмайтындай етіп ұйымдастыруға кім жауапты?

Заң қайғылы оқиғадан кейін емес, алдын ала жұмыс істеуі керек

Аянхан Омаров пен Анна Рыль бір мәселеде ортақ пікірде: жазаны қатаңдату зорлық-зомбылық мәселесін өздігінен шеше алмайды.

Аянхан Омаровтың пікірінше, әйелдерге агрессия танытуға бейімділік қылмыс жасалған сәтте емес, одан әлдеқайда бұрын қалыптасады. Оның негізі отбасындағы тәрбие мен әйелді ер адамның меншігі ретінде қабылдайтын патриархалды ортада жатыр.

– Қандай да бір қайғылы оқиғадан кейін ғана бізде белгілі бір тетіктер іске қосылып, өзгерістер жасалып, жаңа заңдар қабылданады, – дейді адвокат.

Ал Анна Рыль Қазақстанға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті кешенді түрде қамтитын, жеке заң қажет деп санайды. Оның пікірінше, мұндай құжатта зорлық-зомбылықтың алдын алу, жәбірленушілерді қорғау және агрессорлармен жұмыс істеу шаралары бір жүйеге біріктірілуі керек. Қолданыстағы заңнамалық тетіктер әзірге көмек көрсетудің тұтас жүйесін қалыптастыра алмай отыр.

Құқық қорғаушы дағдарыс орталықтарының азайып бара жатқанына да алаңдайды. Оның бағалауынша, лицензиялау талаптары енгізіліп, қаржыландыру тәртібі өзгергеннен кейін көптеген мемлекеттік емес ұйым жұмысын тоқтатқан. Бұрын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 60-қа жуық ұйым қызмет көрсетсе, қазір оның есебінше, мемлекеттік орталықтарды қоса алғанда, елде шамамен 28 дағдарыс орталығы ғана қалған.

Рыльдің пікірінше, зорлық-зомбылықтың алдын алу тек агрессорды жазалаумен шектелмеуі керек. Уақытылы психологиялық және психиатриялық көмек көрсету, тәуелділіктен емдеу, сондай-ақ адамдарды мамандандырылған мекемелерге жіберу мүмкіндігі де қарастырылуға тиіс.

Әйтпесе жүйе мәселенің түпкі себебін жоймай, оның зардабымен қайта-қайта күресуге мәжбүр болады.

ІІМ: қорғауға міндеттілерді кім тексереді?

Бұл оқиғалардың тағы бір назар аударарлық тұсы – құқық қорғау органдарының өз жұмысына қатысты сұрақтарға қалай жауап беретіні. Ulysmedia.kz редакциясы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға сауал жолдады. Алайда өтініштер өңірлік бөлімшелерге жіберіліп, редакция жауаптарды солардан алды.

Атырау облысындағы оқиғаға қатысты полиция департаменті қызметкерлердің әрекетінен заңбұзушылық анықталмағанын хабарлаумен шектелді. Ал прокуратура қылмыстық істі тоқтату туралы алты қаулының күші жойылғанын ашып айтып, полицейлердің ықтимал салғырттығына қатысты жеке тергеу басталғанын мәлімдеді.

Жамбыл облысында 19 жастағы Мәдина Әвезованың қазасына қатысты оқиғада да («Барниге» бола туған жанжалдан кейін) полиция департаменті осыған ұқсас жауап берген. Редакция сауалына берген жауабында ведомство ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін және сараптамалар тағайындалғанын хабарлаған. Алайда істің басқа бапқа ауыстырылуы мүмкін бе, марқұмның күйеуінің мәртебесі қандай, жүйелі түрде ұрып-соғу туралы хабарламалар тексерілді ме, Ішкі істер министрлігі басшылығы бұл істі бақылауға алды ма деген сұрақтарға нақты жауап берілмеген.

Әрине, заңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру құпиясы қарастырылған. Бірақ бұл азаматтарды қорғау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын және ведомство өз қызметкерлерінің жұмысына қалай баға беретінін қоғамға түсіндіру міндетінен босатпайды.

Нәтижесінде ведомстволар арасындағы өзіндік бір байланыс жүйесі қалыптасқан: орталық органдар сауалдарды өңірлерге жолдайды, жергілікті бөлімшелер өздері берген тұжырым аясында жауап қайтарады. Ал журналистер прокуратура, полиция және басқа да дереккөздерден алынған үзік-үзік мәліметтерді жинап, оқиғаның толық көрінісін өздері құрастыруға мәжбүр.

Осы тұста жекелеген қызметкерлердің әрекетін талқылау бүкіл жүйенің қалай басқарылатыны туралы мәселеге ұласады.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жергілікті полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігі үшін жауап бере ме деген сұраққа адвокат Аянхан Омаров министр өзі басқаратын бүкіл жүйеге жауапты екенін, ал нақты заңбұзушылықтар үшін өңірлік басшылар да жауап беруі керегін айтты.

– Меніңше, иә. Ол өзі жетекшілік ететін, басқаратын бүкіл жүйеге жалпы жауап береді. Ал жергілікті жерлерде өз басшылары бар, – дейді адвокат.

Сондықтан Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қойылатын сұрақ оның әрбір арыз туралы хабардар болған-болмағанына ғана тірелмейді.

Мәселе басқа: әр өңірде полицияның дер кезінде әрекет етпеуі, қылмыстық істердің тоқтатылуы, кейін сол қызметкерлердің өзіне қатысты шағымдардың туындауы қайталанып отырса, министрлікте бақылаудың қандай тетіктері жұмыс істейді? Қызметтік тексерулердің сапасын кім қадағалайды? Ішкі тексерулер неге прокуратураның күмәнін әрдайым сейілте алмайды? Адам өміріне төнген қауіп туралы ескертулер аудандық бөлімше деңгейінде ескерусіз қалмауына кім жауап береді? Ал қоғам министрліктен жүйелі баға күтсе, орталық ведомство неге журналистерді көбіне өңірлік бөлімшелердің жауабымен шектейді?

ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов

Біз күштік құрылымдардың жұмысын есеп, статистика және қабылданған заңдардың санымен бағалауға үйреніп кеткенбіз. Алайда қауіпсіздік жүйесінің шынайы тиімділігі брифингтерде де, қызметтік кабинеттерде де анықталмайды. Оның жұмысы адам алғаш рет көмек сұрап келгенде, қайғылы жағдайдың алдын алуға әлі мүмкіндік бар сәтте сыналады. Жазира енді өзіне қанша рет араша сұрап жүгінгенін айтып бере алмайды. Жеті жастағы бала қылмыстық істің алты рет қосымша тергеуге қайтарылуын бастан өткермеуге тиіс еді. Ал басқа әйелдердің оқиғалары кезекті жоспардан тыс тексеру мен үйіп-төгіп берілетін уәделермен шектелмеуі керек.

Түптеп келгенде, Ішкі істер министрлігіне қойылатын басты сұрақ кезекті қайғылы оқиғадан кейін қанша қызметкерді жұмыстан шығарғанында емес. Азаматтарды қорғауға міндетті адамдардың арасынан кінәліні іздеуге мәжбүр болғанға дейін қанша қайғылы жағдайдың алдын алды деген сауалға жауап беруі керек.

Сізге қызық болуы мүмкін