Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қоғамда қызу талқыланып жатқан хиджабқа тыйым мәселесі жөнінде пікірін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан журналистер Мәжіліс кулуарында бет-жүзін жауып тұратын киім киюге тыйым салу идеясына қатысты қандай шешім қабылданатынын сұраған.
– Біз осы уақытқа дейін тұжырымдаманы талқылап жатқанымызды айттық. Діни саясаттың жаңа тұжырымдамасы бұл. Біз тек қауіпсіздік мәселелері жөнінде айтып отырмыз. Сондықтан нақты шешім әлі жоқ, - деді ол.
Дін мәселелерін реттейтін заң күзде Парламентте қаралады. Депутат Ермұрат Бапи бұған дейін осы құжатқа тиісті өзгерістерді ұсынатынын айтқан болатын.
- Құжатта мектепке діни киіммен келу де бар. Оған толық тыйым салынады. Қоғамдық орында бетті жауып тұратын діни киім киюге тыйым салу да бар. Жаза ретінде ескерту жасалып, айыппұл салу да қарастырылады, – дейді Бапи.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде хиджабқа тыйым салу мәселесі жайлы сұраққа жауап берген еді.