Журналистердің кәсіби мерекесіне орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан бұқаралық ақпарат құралдары саласының бірқатар қызметкерлеріне пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Dara» Президенттік бастамалар қорының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада масс-медиа саласының қызметкерлеріне пәтер сертификаттарын Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және «Dara» қорының президенті Әсел Шілдебаева салтанатты түрде табыстады.
Атап айтқанда, 21 пәтер көпбалалы отбасыға, 5 пәтер жалғызбасты аналарға берілді. Сонымен қатар отбасында мүмкіндігі шектеулі баласы немесе жұбайы бар 11 азамат баспаналы болды. Пәтер алған БАҚ саласы қызметкерлерінің арасында 6 жанұя осы уақытқа дейін жатаханада тұрып келген.
“Бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады. Бір отбасы баспаналы болса, қуанып, халықтан сүйінші сұрайтын журналистердің үйлі болуы – өте қуанышты жағдай», – деді Берік Уәли.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекет әлеуметтік жобаларды толығымен қолдайтынын атап өтті.
«Қолжетімді баспана бойынша түрлі әлеуметтік жобалардан басқа, Қазақстанның бір миллион үш жүз мыңнан астам азаматы тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін, жалпы үш триллион теңгеден астам зейнетақы жинағын пайдаланғанын да атап өткен жөн», - деді министр Аида Балаева.
Былтыр БАҚ қызметкерлеріне 1 және 2 бөлмелі 65 пәтер, ал биыл 67 пәтер берілді. Нақтырақ айтқанда, 13-і – 3 бөлмелі, 45-і – екі бөлмелі, 9-ы – бір бөлмелі пәтерлер.