Палестиналық ХАМАС ұйымы Израильмен атысты тоқтату туралы келіссөздерде еш ілгерілеушіліктің жоқтығын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz euronews.com сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы қозғалыстың Саяси бюросының мүшесі Усама Хамдан баспасөз мәслихатында айтты.
«Басқыншылықты тоқтатуға бағытталған келіссөздерде айтарлықтай еш жаңалық жоқ. Ал Америка әкімшілігінің мәлімдемелері біздің қозғалыс Израиль ұсынған құжатпен ешбір түзетусіз келіспейінше, ХАМАСқа жан-жақты қысым көрсету бола беретінін білдіріп отыр, - деді ол.
Оның айтуынша, топ қақтығыстың нүктесін қоятын кез келген ұсынысқа «оң қабақ» танытуға дайын.
Еске сала кетсек, бұған дейін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі (HRC) жанынан құрылған тәуелсіз халықаралық комиссия 2023 жылдың 7 қазанынан бері қақтығыстар кезінде адам өліміне әкелген қайғылы жағдайлар мен зорлық-зомбылық үшін Израиль мен палестиналық ХАМАС тобының мүшелері жауапты деп танылған баяндамасын ұсынған болатын.
24 мамырда Халықаралық сот Рафахтағы қақтығыстарды дереу тоқтатуға және геноцид туралы мәлімдемелерді тексеруге кедергісіз рұқсат беру туралы бұйрық шығарған.