×
$
441.89
€
502.56
₽
5.19
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.89
€
502.56
₽
5.19

"Ешкім хабарласпады" - Каспийдегі әскери трагедиядан аман қалған сарбаздың әкесі

Бүгін, 13:28
"Ешкім хабарласпады" - Каспийдегі әскери трагедиядан аман қалған сарбаздың әкесі
Ulysmedia коллажы

Каспийдегі қайғылы жағдай кезінде аман қалған 19 жастағы Ақжол Теміраливтің әкесі Тимур Қыдырниязов Ulysmedia.kz-ке ұлының қазіргі жағдайы және отбасының болған оқиға туралы қалай білгені жайлы айтып берді. Оның сөзінше, әскери бөлімнен оларға ешкім хабарласпаған. Қайғылы жағдай туралы туыстары алғаш рет әлеуметтік желіден білген.

Толығырақ

Оқиға болған кезде Тимур Қыдырниязов Жаңаөзенде жұмыста болған. Ол қайғылы жағдайды әскери қызметкерлерден емес, әлеуметтік желіден естіген.

– Әлеуметтік желіден білдік. Өзім Жаңаөзенде жұмыста болдым. Жолда келе жатқанда есітідім, нақты ақпарат болған жоқ. Кімге хабарласу керегін де білмедік. Әскери бөлімде ешкім телефон көтермейді ғой мұндай жағдайда. Бір түсінгенім – ақпарат алғың келсе, өзің келіп білмесең, ешкім айтпайды. Маған ешкім хабарласқан жоқ.  Әлеуметтік желіден үш сарбаз тірі, бір сарбазды осы жерге жансақтау бөліміне алып келгенін естідім.Оқу-жаттығу өткізіліп жатқанын да білмедім, – деді ол Ulysmedia.kz тілшісіне.

Ақжол құтқарылғаннан кейін жансақтау бөліміне жеткізілген. Әкесі оны кешке көре алған. Оған дейін жас сарбаздың жанына анасы, әжесі мен атасы кіріп шыққан.

Қыдырниязовтың айтуынша, ұлы есін біліп, жақындарымен сөйлескен.

– Анаасы кіріп шықты, сол кезде сөйлескен. Бірқалыпты күйде болған. Жансақтау бөлімі деген соң қорқып кетесің ғой, бірақ есін білмейтіндей жағдайда болмаған, – деді әкесі.

Қазір Ақжол 19 жаста. Ол әскери қызметін аяқтап, үйіне 3 қазанда оралуы керек болған.

«Суға түсірмеу керек еді»

Әкесі әзірше ұлынан теңізде болған жағдай туралы егжей-тегжейлі сұрамаған.

– Балама қазір артық сұрақ қойып жатқан жоқпын. Себебі ол қасында бір жылдан бері бауырлас, аға-інідей боп кеткен әріптестері, сарбаздар қаза тапты. Естіп отыр, сосын оған артық сұрақ қойып жатқан жоқ. Өзі біліп отыр , – деді Тимур Қыдырниязов.

Дегенмен оның оқу-жаттығудың ұйымдастырылуына қатысты өз сұрақтары бар. Бұған дейін қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстары мәйітхана маңында ауа райының қолайсыздығына және 112 қызметінің ескертуіне қарамастан сарбаздардың оқу-жаттығуға шығарылғанына наразылық білдірген болатын.

– Міндетті түрде наразылық болады. Мынадай ауа райын көріп тұрып, ондай кезде қандай оқу-жаттығу болса да, шығармау керек еді, балаларды түсірмеу керек еді. Біз енді қасында болмаған соң қазір нақты ештеңе алмаймыз. Өзім өткізбеу керек еді деп ойлаймын, – деді ол.

Іздеу жұмыстары аяқталды

25 қыркүйекте Каспий теңізінен із-түзсіз жоғалған соңғы екі әскери қызметшінің – сержант Мансур Ғұмаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды. Осыдан кейін іздеу операциясы аяқталды.

Оқу-жаттығу кезінде барлығы 17 әскери қызметші ашық теңізге ағып кеткен. Оның үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапты.

Қорғаныс министрлігі болған жағдайды ауа райының кенеттен күрт нашарлауымен байланыстырып отыр. Ал тергеу барысында қызметтік міндеттеріне салғырт қарады деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды.

Бас прокуратураның мәліметінше, метеорологиялық жағдайды ескере отырып, қажетті қауіпсіздік шараларының не себепті қабылданбағаны және құтқару жұмыстарының қалай ұйымдастырылғаны тексеріліп жатыр.