Қасым-Жомарт Тоқаев 1 шілдеде "Ғылым және технологиялық саясат туралы" заңға қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сондай-ақ, президент Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.
Бұған дейін заң ғылым мен технологиялық саясат мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруге бағытталғаны хабарланған.
Заңда ғылымды басқару моделін жетілдіруге, Ғылым қорының қызметін регламенттеуге, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының құқықтық мәртебесін айқындауға бағытталған құқықтық нормалар көзделеді, сондай-ақ ғылыми инфрақұрылымның негізгі элементтері, ғылыми ұйымдарды қаржыландыру тәртібі, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне олардың ғылыми және ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелерін коммерцияландыру бағдарламаларын іске асыруға жәрдемдесу шаралары айқындалады.
Сондай-ақ, құжатта ғылымның дамуын ынталандырудың мемлекеттік шаралары сондай-ақ ғылыми қызметті мемлекеттік қолдау шаралары айқындалады.
Ғылыми-техникалық ақпаратты жинауды, өңдеуді және талдауды қамтамасыз ету, іске асыруға ұсынылатын ғылыми зерттеулердің негізділігі мен технологиялық дайындығын бағалаудың жаңа тетіктерін енгізу бекітіледі.