Никита Удаловтың отбасы көпшіліктен оқиғаны дабыраға айналдырмауды және оның әзірге бұл туралы айтқысы келмейтінін түсіністікпен қабылдауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Никитаның ағасы Instagram желісінде әскери қызметшінің қайғылы оқиға кезінде өз күшімен аман қалғанын жазды. Оның айтуынша, Никита жағдайды тез бағдарлап, жағаға өзі жеткен.
— Қазір көпшілік оның қалай аман қалғанын және нақты не болғанын сұрап жатыр. Бірақ әзірге ол бұл туралы айтуға дайын емес. Мұны түсіністікпен қабылдауды сұраймыз, — деп жазды туыстары.
Отбасы Удаловтың неге байланысқа шықпай жүргенін және сұхбат бермейтінін де түсіндірді.
— Ол бір күнде ұмыта салатын жағдайды бастан өткерген жоқ. Қазір көпшілік алдына шыққысы келмейді, сұхбат беруге де, болған жайттың егжей-тегжейін айтуға да дайын емес. Осы шешіміне құрметпен қарауды сұраймыз, — делінген үндеуде.
Туыстары жұртты болған оқиғаға қатысты түрлі болжам жасамауға да шақырды.
— Адамдардың шындықты білгісі келетінін түсінеміз. Бірақ Никита — ең алдымен адам. Ол — біздің бауырымыз, жақынымыз. Оның тірі қалғанына ғана шүкір деп отырмыз, — деп жазды отбасы.
Удаловтың туыстары қаза тапқан 14 әскери қызметшінің отбасыларына көңіл айтты.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Никита Удаловтың сыныптасы жазба жариялаған еді. Оның айтуынша, екеуі Орал қаласындағы №32 мектепте бірінші сыныптан бірге оқыған.
Жазбаға Никитаның бұрынғы дене шынықтыру пәні мұғалімі де пікір қалдырған.
Орал тұрғындары әскери қызметшіге тезірек сауығып кетуін тілеген.
Қорғаныс министрлігі Никита Удаловты Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған үшінші әскери қызметші деп атаған.
Ол дәрігерлердің бақылауында, жағдайы қанағаттанарлық.
Аман қалған тағы екі әскери қызметші — Бекет Мырзағалиев пен Ақжол Темірхан да өз күшімен құтылған.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде болды. 17 әскери қызметші суға кетіп, оның 14-і қаза тапты.
Кейін әскери қызметшілердің құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегені белгілі болды.
Бас прокуратура салғырттық және кеме жүргізу қағидаларын бұзу деректері бойынша қылмыстық іс қозғады. Бірнеше командир ұсталды.
Ұсталған Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтің қызы тергеу аяқталмай тұрып асығыс қорытынды жасамауға шақырған еді.
Ол қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, кінәлілер жазалануы керек екенін жеткізді. Сонымен қатар, әкесінің өзге адамдар қабылдаған шешімдер үшін жауапқа тартылып кетуінен қауіптенетінін айтты.